Оңтүстік Қазақстан облысының студент жастары Ақмола облысында өткен республикалық ХІІ Ұлттық жастар Дельфий ойындарында төрт алтын бір күміс медальға ие болды. ҚР Тəуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған байқауға облыстан 21 жас қатысып 8 номинация бойынша додаға түсті.Білімді де өнерлі жастарымыз дəстүрлі əн салу номинациясы бойынша облыстық саз колледжінің студенттері Ақжол Өсербай, қыл-қобыз номинациясынан Рахымжан Нұрлыхан, домбыра номинациясы бойынша Дастан Ибрагим, ал халық биі бойынша «Қаракөз» би ансамблі (М.Əуезов атындағы ОҚМУ) алтын медальге ие болса, актерлік шеберліктен, яғни, театр бағытында Х.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-ң студенттері күміс медальді қанжығаларына байлады.Аталған шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 500-ден аса қатысушы 17 түрлі номинация бойынша қатысты. Еліміздің ертеңгі болашағы жастар. Сол үшін бүгінде елімізде жастар саясатына басымдық беріліп, олардың алаңсыз білім алуына барынша жағдай жасалуда. Өз кезегінде жастар да ел сенімін ақтап биік белестерді бағындыруда. Оңтүстікқазақстандық жастардың кезекті жеңісі де соның айғағы. Алдағы уақытта «Ұлт жоспарының» жүзеге асуына үлес қосатын патриот жастардың легі бүгінде биік нәтижелер көрсетіп жүр.