(жалғасы)
Сапар барысында облыс әкімі Ж.Түймебаев Созақ аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жанынан ашылған тігін цехының жұмысын да көрді. Онда қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі 15 адам жұмыспен қамтылған. Тігін цехында шаруашылық жұмыстарына қажетті қолғап, төсек жаймалары мен арнайы жұмыс киімдері тігіледі. Сондай-ақ, мұнда аудан халқына шаштараз бен аяқ киім жөндеу қызметтері көрсетіледі. Жетекшілердің айтуынша, алдағы уақытта мұндағы жұмыспен қамтылатын мүгедек жандардың саны 25-30 адамға дейін жетіп, қосымша, компьютер жөндейтін, пластик терезелерін шығаратын қызмет көрсету түрлері де жұмысын бастайды деп күтілуде. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көпсалалы цехта тігілген киімдерді «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-на қарасты уран өндіретін компаниялар мен аудан халқы және бюджеттік мекемелер тұтынатын болады. Айта кету керек аудан бойынша 2085 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Сапар барысында аймақ басшысы аудан активімен кездесіп, Созақ ауданының әкімі Мақсат Исаевтың жыл басынан бері атқарған жұмыстарының барысын тыңдады.