Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде аудан, қала әкімдерімен селекторлық жиын болып өтті. Келелі кеңестің күн тәртібіне қойылған мәселелер ауқымды. Жиын барысында ең алдымен қаралған мәселе 2016 жылдың 10 айының қорытындысы мен бюджеттің орындалуы болды. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асырылуы кеңінен талқыланды. Өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте облыс әкімінің орынбасарлары, әкім аппараты және облыстық басқарма басшылары қатысты. Облыстың қазынасының бүйірін томпайтатын әрине бюджетке түсетін түсім болса керек. Осы тарапта сөз алған облыстық қаржы басқармасының басшысы К.Мендебаев жылдың басынан бергі 10 айында жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 108,2 пайызға орындалғанын айтып өтті. Бұл дегеніңіз 6,6 млрд. теңге артық деген сөз. Аз түсім емес әрине. Басқарма басшысының айтуынша, есепті кезеңде барлық аудан, қалаларда кірістер бойынша жоспар асыра орындалған. Десе де, бірқатар аудан, қалалар бойынша кейбір жобалар аясында игерілмеген қаржылар бар. Басқарма басшысы облыс бойынша бюджет қаржысы 97 пайызға игерілгенін айтып, «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамту 2020», «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламаларына бөлінген қаржылардың игерілуіне күнделікті бақылауды күшейту қажеттігіне тоқталды. Жиында «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы бойынша мәлімдеме жасаған облыстық құрылыс басқармасының басшысы С.Полатов Ұлттық қор есебінен облыста жүргізілетін 50 нысан құрылысына 20 194,7 млн. теңге қаржы бөлінгенін жеткізді. Атап айтқанда, олар — 26 мектеп, 1 балабақша, 11 инфрақұрылым, 11 тұрғын-үй, 1 жатақхана нысандарының құрылысы.
Динар Бекасыл