Кезінде суретшілердің жәйі мүлдем назардан тыс қалған кездері болғаны рас. Бүгінде шүкір, аталған саланың тамырына қан жүгіре бастады. Облыс орталығында бейнелеу өнері мұражайы ашылып халықтың игілігіне берілген болатын. Онда өңірімізден шыққан бүгінде әлемді мойындатқан қылқалам шеберлерінің көрмесі әрдайым ұйымдастырылып тұрады. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жуырда суретшілердің өнерін насихаттау, пікір алмасу, сондай-ақ, осы бағытты дамыту мақсатындағы ұсыныстарды талқылау мақсатында облыстық бейнелеу өнері музейінде болды. Онда аймақ басшысы суретшілер одағының мүшелерімен кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, жиынға ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ресей, Қырғызстан Көркемөнер академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ерболат Төлепбай қатысты. Өңір басшысы қазіргідей нарықтық экономика заманында әрбір азамат күні-түні жұмыс істеп, еліміздің көркеюіне атсалысу қажеттігіне назар аударды. Шығармашылық өкілдерінің жұмысын тек жергілікті деңгейде ғана емес, халықаралық дәрежеде көрме ұйымдастыру арқылы өткізу керектігін айтқан әкім облыста заманауи талаптарға сай жаңадан Оңтүстік Қазақстан облысының көркемсурет галереясының салынатынын жеткізді. «Оңтүстік Қазақстан облысының көркемсурет галереясын салу туралы тапсырма бердім. Өйткені, сурет күтімді талап етеді. Маманданған жаңа ғимарат салынған соң, күн тәртібіндегі мәселелер өз ретімен шешімін табады деп ойлаймын. Сондай-ақ, мұнда шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, симпозиум өткізу жайын қарастыратын боламыз», — деді Ж.Түймебаев. Бүгінде өңірімізде Қазақстан Суретшілер одағының 88 мүшесі бар болса, оның 2-уі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, 1-уі ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 15-і «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері. Олардың барлығы да өңіріміздің өркендеуіне атсалысқан өнер майталмандары. Бүгінде облысымыздың экономика саласы болсын, мәдениет саласы болсын жеткен жетістіктері туралы салған суреттері көптеген музейлердің төрінен орын тепкен.