Бүгінде күнгейде құрылыс барысы қарқынды. Сондықтан да құрылыс материалдарына деген сұраныс артып отыр. Әсіресе іргетасқа аса қажетті цементке деген сұраныс тым жоғары. Жуырда облыс басшысы Жансейіт Түймебаев еліміздегі өндірістік тәжірибесі жоғары «Стандарт Цемент» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Аталған кәсіпорын өндірістік қуаттылығы жылына 2 млн. тонна цемент шығаратын Қазақстандағы жалғыз ірі зауыт болып табылады. Кәсіпорында экологиялық талаптарды сақтайтын заманауи құрылғылар орнатылған. Осылайша қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірместен үлкен көлемде және жоғары сапалы цемент өндіріп келеді. Бүгінгі күні 1100-ден астам адам еңбек ететін компанияда жыл сайын жұмыс орындарының саны артып келеді. Сонымен қатар, кәсіпорын өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуіне өз үлестерін қосуда. Бүгінде облыстағы өндіріс орындары сырттан маман тасымай жоғары білікті мамандарды өзімізде дайындаудың тиімділігін біліп отыр. Мәселен ОҚО инновациялық – технологиялық колледжі дәл осы өндіріс орнына қажетті мамандарды даярлайды. Мұнда студенттер грант негізінде білім алады. Студенттер кәсіпорында тәжірибелерін арттырады. Алдағы уақытта оқу орнымен өндірістік тәжірибе кең ауқымда өрбитін болады.
Связанные истории
12.12.2016
28740
29.11.2016
38498