Биылғы жылдың 10 айындағы есеп бойынша Оңтүстік Қазақстан облысындағы шаруашылықтардың барлық санатында 921434 iрi қара тiркелген. Аталған iрi қараның 26,6 мыңы ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының, 64,9 мыңы шаруа және фермерлiк қожалықтарының, ал, қалған 829 мыңы халықтың үлесiне тиесiлi. Негізінен аграрлы облыс болып саналатын күнгейде жылына 110 мың тонна ет өндiрiледi. Облысқа жылына 738,4 мың тонна сүт және сүт өнiмдерi қажет деп есептелінеді. Қазіргі күні нақты өндiрiлетiнi – 710,6 мың тонна. Облыс бойынша iрi, орта және шағын сүт өндiрушi 61 агроқұрылым жұмыс iстеп жатыр. Соның iшiнде iрiлерi – алтау. Арыс қаласында орналасқан «Қазына жер LTD» ЖШС 2013 жылы Канададан 389 Голштин тұқымды сүттi iрi қара мал сатып алады. Бүгiнде мал саны 890 басқа жеттi. Оның 670-i – аналық. Әр сауын сиырдан орташа 25 литрден сүт алынуда. Венгриядан дәл осы тұқымдас 272 сиыр сатып алған Ордабасы ауданындағы «Бөрте Милка» ЖШС жаңа технология бойынша әр сиырдан орта есеппен 30 литрден сүт алуда. Сол секiлдi сарыағаштық «Фирма Сәкен» ЖШС-нiң Голштин тұқымды 510 сиырының әрбiрi 26 литрден сүт беруде. Ал, Сайрамдағы «Гүлжәмила» ЖШС, Түлкiбастағы «Дос би» ЖШС және Төлеби ауданындағы «Атамекен НАН» ЖШС-iнде әрбiр сауын сиырдан сауылатын сүт мөлшерi орта есеппен – 15 литр. Салада өсу бар, өркендеу бар. Алдағы уақытта шетелдік өнімді сөреден тықсыра қуып шығуға қауқарымыз жетеді.