Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Отырар ауданында бұрынғы жылдарға қарағанда ілгерілеушілік бар. Жаңадан өндіріс орындары салынып, кәсіпкерлік қанат жаюда. Аудан әкімі Ерлан Айтаханов аудандағы жалпы көлемі 97 га аумақты қамтитын индустриалды аймаққа ат басын бұрып, «Отырар-Дән» ЖШС-нің жүгеріні кептіріп, сақтау кешенінің жұмыстарымен танысты. Елбасымыздың дәстүрлі Жолдауларында кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау әрі шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін екі есеге арттыруды міндет етіп, отандық кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру үшін қажетті барлық шараны қабылдау керектігін алға тартқан болатын. Осы мақсатта Отырар ауданында идустриалды аймақ белгіленіп, шағын және орта бизнесті дамытуда, кәсіпкерлер инновациялық және әлеуметтік-эко¬номикалық жобалары мен бағдарламаларын ұсынып, жұмыс жүргізген болатын. Солардың бірі – қуаттылығы 10 мың тонна жүгері кептіру және сақтау кешені болып отыр. Максимум» Аймақтық инновациялық орталығынан 245 миллион теңге, аудан бюджетінен 105 миллион тенге және кәсіпкердің жеке қаражатынан 100 миллион теңге қаржы жұмсалып, жалпы құны 450 миллион теңгені құрайтын кешенде 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Маусымдық кезеңдерде жұмысшылар саны 2-3 есе көбейетін болады. Сондай-ақ, аудан басшысы орынбасарлары мен бөлім басшыларына индустриалды аймақты одан әрі дамыту үшін кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында инженерлік-коммуникациялық жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырды. Индустриалды аймақ ауданның экономикалық потенциалының артуына, жеке инвестициялардың тартылып, жаңа жұмыс орындары пайда болуына септігін тигізеді. Сондай-ақ, бюджетке өзіндік қосымша кіріс көздері түсіп, әлеуметтік-экономикалық дамуымызға оң ықпалын тигізетіндігін баса айтты.