Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Отырар ауданында туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Алдағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келетін мәртебелі меймандарды киелі Отырар жеріне тартудың маңыздылығы зор. Осы мақсатта Ердан Айтаханов аудан көлеміндегі туристерді қызықтыратын орындарды қалпына келтіруге пәрмен берді. Отырар төбеге барған аудан басшысы көне қала орнындағы құмырашылар үйі, шығыс моншасы, Бердібек сарайы, ХІІ-ХҮІ ғғ тұрғын үй орамдарын аралап, болашақта туристерді қызықтырады деп жоспарланып отырған қала қорғаны мен қақпасының қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Сонымен қатар, аудан әкімі көне қаланы аралағысы келген туристерге аяқжолдар және автокөлік жолдарын салып, қолайлы жағдайлар қарастырылу керектігін айтты. Бабтардың бабы – Арыстанбаб бабамыздың кесенесіне зиярат жасаған аудан әкімі сол төңіректегі қызмет көрсетуге бағытталған жеке азаматтардың жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстарына көңілі толмайтындығын білдіріп, болашақ туристік аймақтың архитектуралық кескіні кесене маңындағы ескі конақүй мен жаңа мешіттің сәулетімен үндесуі керектігін ерекше қадап айтты. Шәуілдір-Арыстанбаб-Отырар бағытындағы автокөлік жолдарын орта жөндеуден өткізуді жеделдетуді және құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды.
Жалпы аудан көлеміндегі туризмді дамыту барысындағы жұмыстардың барлығының басын біріктіріп, нақты жоспарға сәйкес жүйелі жұмыс жүргізуді сала басшыларына жүктеді. Келер жылы болатын халықаралық көрмеге отырарлықтар өз үлестерін қоспақ.