Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Д.Құрманбек атындағы №20 кәсіптік колледжде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «30 дамыған ел жолындағы инновациялық Қазақстан» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов, колледж директоры Талған Бейсен және жеке кәсіпкерлер мен колледж студенттері қатысты. Шара барысында колледж оқытушысы Сәуле Шохаева баяндама жасап, баяндамасында елімізді дамудың даңғыл жолына түсірген Елбасымыздың «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізіп келе жатқанымызды сөз етті. Дөңгелек үстел қонақтары «ONTUSTIK» КҚКО ЖШС-нің Отырар аудандық филиалының директоры А.Төлімбетов пен «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Отырар аудандық филиалының менеджері Қ.Жақашев жиын барысында туындаған сауалдарға жауап беріп, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында кәсіпкерлерді тың жобалармен айналысуға шақырды.
Дөңгелек үстелде сөз алған аудан басшысы: -Индустриалды-инновациялық саясат – бұл мемлекет арқылы бәсекеге қабілетті тиімді ұлттық өнеркәсіпті және жоғары технологиялар индустриясын қалыптастыру үшін кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасау мен оларға қолдау көрсететін шаралар кешені. Өнімнің, тауардың бәсекеге қабілеттілігі ең алдыңғы орынға шығып отырған бүгінгі жаһандану заманында инновациялық қызмет шешуші мәнге ие. Дамыған елдердің экономикасының үздіксіз алға басуы инновациялық қызметті үнемі қолдап, қуаттайтын және ынталандыратын саясаттың арқасында мүмкін болып отыр. Бұл саясат ел экономикасының бұзып-жарып алға шығуын қамтамасыз ететін озық технологияны, басқарудың жаңа түрлерін, ғалымдар мен өнертапқыштардың ойлап шығарған жаңа дүниелерін тез өндіріске енгізіп отыруға бағытталған. Еліміздің алдында тұрған үлкен мақсат – мынадай алмағайып заманда экономикамызды түзеп, жағдайымызды жөндеп, индустриялық Қазақстанды жасау. Сол кезде еліміздің келбеті өзгереді, басқа кадрлар даярланады, басқа ұрпақ өседі, экономика жаңарады,-деді