Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінде кәсіпкерлік саласында жетістіктер жетерлік. Олардың шығарған өнімдерінің өтімділігін тездету, қолжетімділігі мен сұранысты арттыру мақсатында www.ondiris.kz тауар өндірушілер вэб-порталы іске қосылды. Аталған жобаны облыс әкімінің тікелей тапсырмасы бойынша «ONTUSTIK» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жүзеге асырып отыр. Аталған порталда тауар өндірушілер және кәсіпорындардың тізімі түзілген. Барлық мәліметті табуға болады. Мұнда әрбір қалаған кәсіпкер аймақтарды жіктеу фильтрі арқылы, өзіне қажетінше контрагент таба алады: өнім беруші, сатып алушы, тұтынушылар, компаниялар мен түрлі саладағы фирмалар. Ең бір артықшылығы веб порталға кәсіпкерлер өздері туралы мәліметтерді орналастыра алады. Әрі бұл тегін. Бүгінгі күні порталда ОҚО бойынша негізгі 14 салалық бағытта 1000-нан аса отандық тауар өндірушілердің профильдері, 2 мыңнан астам тауарлар орналастырылған. Сондай-ақ, негізгі порталмен қатар, жуық арада ONDIRIS.KZ мобильдік қосымшасы іске қосылып, жылына екі рет арнайы ONDIRIS.KZ журналы басылып таратылатын болады. Жуық арада аталмыш қосымшаны смартфонға Android және iOS платформаларынан жүктеп алуға мүмкіндік туады. Мобильдік қосымша өз кезегінде әрбір қолданушыға кез-келген уақытта жеке профильде ыңғайлы жұмыс істеуге септігін тигізбек. Бұл кәсіпкерлер үшін өте тиімді жоба. Тауарын сатуға да, қажетті шикізатты тез арада тауып алуына да мүмкіндігі мол. Өз кезегінде кәсіпкерліктің өсіп өркендеуіне облыс экономикасына тигізер пайдасы зор.