Күні кеше Оңтүстік Қазақстан облысында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күніне арналған «Алтын күз — 2016» салтанатты шарасы өтті. Биыл аталмыш шараны облыс диқандары мен шаруалары толағай табыспен қарсы алып отыр. Қол жеткізген жетістіктер бір төбе. Қамбасы астыққа толып, түсімі көбейген шаруалардың көңілі көтеріңкі. Ауыл шаруашылығы саласының жетістіктері паш етілген мерекеге келушілерді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев құттықтады. Өңір басшысының шаруаларға сүйіншісі де бар болып шықты. Келер жылға 6 млрд. 47 млн. теңге субсидия бөлініп отыр екен. «Егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13 мың га артып, бақша, көкөніс, мақта, картоп және жеміс-жидек дақылдарынан мол өнім жиналды. Өнім көлемін, гектар түсімділігін арттыруға негізінен шаруашылықтардың агротехнологиялық іс-шараларды дұрыс жүргізу мен өндіріске озық технологияларды ендіруге бет бұруының нәтижесінде қол жеткізіп отырғандығымызды мақтана айтуымызға болады. Оның ішінде, терең қопсыту технологиясы, тамшылатып суғару әдісі мен жылыжайлардың көлемі бойынша Республикада көш бастап келеміз», — деді аймақ басшысы. Облыста соңғы үш жылдың өзінде 2 мың га өндірістік интенсивті баулар отырғызылған, оның тиімділігі гектарынан мақтамен салыстырғанда 30 есеге, бақшамен салыстырғанда 10 есеге артық өнім алуға болатынындығы. Аграрлы аймақ саналатын күнгейде соңғы жылдары қарқынды баулардың көлемін ұлғайту ісі табысты жүргізілуде. Мал шаруашылығы бойынша «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары жоғарғы деңгейде орындалуда. Мұнан соң, аймақ басшысы түрлі ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруден І орын алған озат аудан, қалаларды атап, арнайы мүсін мен облыс әкімінің сертификаттарын табыстады. Мәселен, астық өндіруде Қазығұрт ауданына ешкім тең келмесе, жүгері өндіруде Отырар ауданы, мақсарыда Төлеби, мақта бойынша Мақтарал аудандары үздік деп танылды.