(жалғасы)
Басқа аудандар да қалыс қалмақ емес. Бақша өнімдерін жинау бойынша шардаралықтар көш бастаса, көкөністе Сарыағаш, жеміс-жидекте Түлкібас, сүт өндіруде Арыс қаласы, ет өндіруде Ордабасы шаруаларының мерейі үстем болды. Мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламалардың шарапатын көрген шаруалар басым. «Сыбаға» бағдарламасының орындалуы жөнінен түркістандықтар ерлеп, «Алтын Асық» бағдарламасы шеңберінде Бәйдібек озық шықты. Ал озық инвестициялық жобаларды іске асыруда Шымкент қаласы басым болса, ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосуда Мақтарал, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастыруда Сайрамның ауданының алдына түсер ешкім болмады. Биылғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға 13 бюджеттік бағдарлама бойынша 26,0 млрд. тң бөлініп, өткен жылдан 24 % артты. Дегенмен де жылдан-жылға халық санының өсіміне және экономикалық жағдайдың жақсаруына байланысты сапалы ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныстың артатыны сөзсіз. Сондықтан облыстың аграрлық саласын 2017 – 2020 ж.ж. арналған дамытудың алты бағыты айқындалды. Оның ішінде бірінші кезекте ауыл шаруашылығы кооперативтер жүйесін қалыптастыруға, суармалы жерлерді қалпына келтіру, ұлғайтуға облыс әкімдігі тарапынан барлық шаралар атқарылатын болады. Биылғы жылды табыспен аяқтаған шаруалар келер жылда бұдан да биік табыстарға жетеміз деп білек сыбанып отыр.