Бүгінде аудан орталықтары да көркейіп, кемелденіп келеді. Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Шардара қаласында жаңа ықшамаудан бой көтеруде. Аталған ықшамаудан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынуда. Алдағы уақытта мұнда әлеуметке қажетті мектеп, балабақша, емханалар да салынатын болады. Бүгінде Шардарада тұрғындардың саны 30 мыңға жетіп жығылады. Баспана мәселесін шешу мақсатында тұрғызылып жатқан тұрғын үй 150 адамның әлеуметтік мәселесінің түйінін тарқататын болады. Әрине жаңа ақшаңқан үйлер көп болса, содан пәтер алсам деген аудан тұрғындары көп. Қазір мұнда тұрғындарға ең қажетті инфрақұрылымдық жүйелер жүргізілуде. Қазір қажетті жер учаскелері берілді. Құрылыс та басталып кеткен. Оған Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 140 маман мен 23 техника жұмылдырылған. 68-і жергілікті тұрғын болса, 18 студент іс-тәжірибеден өтіп жатыр. Бұл маңға 9 шақырымдық 10 көше түседі. 15 мың шаршы метр жердегі аяқ жол құрылысы аяқталуға жақын. Мердігер «РЕАЛ-билдинг» ЖШС-і бұған дейін де облыс аумағында бірнеше әлеуметтік нысанды сапалы етіп салып, ел игілігіне тапсырған. Сметалық құны 442 268,96 мың теңгені құрайтын нысанды да межеленген уақытта тапсыру көзделіп отыр. Жергілікті әкімдік құрылыстың сапасын қатаң қадағалауда ұстап отыр. Алдағы күндерге жоспарланған ауқымды істер көп. «Алатау батыр» елдімекені деп аталатын жерде 900 орындық заманауи мектеп ашылады. 3 ауылдық округте 3 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Құжаттары рәсімделіп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта Шардараның әсем қалалардан еш айырмашылығы болмайды.