Түлкібас ауданы десе алдымен алма еске түсетіні бар. Сосын тау бөктерлей орналасқан демалыс орындары. Бал татыған балығымен де мақтануға болады. Бұдан бөлек ауданда жоғары көрсеткіштер жетерлік. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түлкібас ауданына жұмыс сапарымен барды. Ауданда 110 мыңнан астам тұрғын бар. Әкім бастаған жұмысшы топ алдымен Арыс ауылдық округіндегі бекіре тұқымдас балық өсіру шаруашылығы мен ат спорты мектебінің жұмысымен танысты. Елімізде сирек кездесетін бекіре тұқымдас балық өсіру фермасы 2012 жылы өңірлік индустриалды карта шеңберінде іске қосылған болатын. «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС-нің өнімі бүгінде аса танымал. Кәсіпорын жұмысымен таныстырған Ерік Оспанов жобаның құны 452 млн. теңгені құрағанын айтып, бүгінде жылына 40 тонна балық еті мен 30 келі қара уылдырық өнімін өндіріп жатқанын мәлімдеді. Балық шараушылығын кәсіпкерлерге кеңінен насихаттау қажеттігін айтқан облыс әкімі осындай балық фермаларын көршілес Төлеби, Сарыағаш сынды аудандарында да дамытуды тапсырды. Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС қарасты ат спорты мектебін аралады. Екі жыл бұрын ашылған ат спорты мектебінде 24 асыл тұқымды жылқы бар. Жобаның жалпы құны 10 млн. 500 мың теңге. Арыс ауылдық округінде ұйымдастырылған ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесіне қатысқан әкім жергілікті еңбекшілермен кездесіп, ой бөлісті. Осы күні Ж.Түймебаев Т.Рысқұлов ауылы, «Жанкент» ықшамауданындағы 600 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысып, білім ұясының маңына алғашқы көшетті отырғызды. Одан кейін өңір басшысы аталған шағын ауданындағы жаңадан салынған 64 және 32 пәтерлі тұрғын үйді аралап көрді. Жиында Түлкібас ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Көрсеткіштер жаман емес.