Халықтар достығын дәріптеу, бірлікті нығайту бүгінгі күні кең көлемде насихатталуда. Этномәдени орталықтар түрлі іс-шаралар өткізуге мұрындық болып келеді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жуырда «Қазақ дастарханы» фестивалі өтті. Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен өткен шара аясында өңірдегі 20 этномәдени бірлестік қазақтың ұлттық тағамдары қойылған достық дастарханын жайып, ет асудан аспаздық шеберліктерін көрсетті. Этностарды мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыру арқылы қазақстандық бiрегейлiк пен бірлікті, этносаралық келiсiмдi қамтамасыз етуді көздеген шараға өңірдегі зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, дін өкілдері мен белгілі спортшылар, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының жетекшілері, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері және Арыс қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты. Оңтүстікқазақстандық этномәдени бірлестік өкілдерінің қазақша ет асудағы кәсіби шеберліктерін бағалаған қазылар алқасы III орынға – өзбек, татар-башқұрт, қырғыз этномәдени бірлестіктерін, II орынға – «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі мен түрік этномәдени бірлестігін лайық деп тапты. I орынға – ұйғыр этномәдени бірлестігіне табыстап, Бас жүлдені иран этномәдени бірлестігіне тапсырды. Жыл сайын өтетін дәстүрлі фестиваль келесі жылы да жалғасын таппақ. Ұлт жоспарында қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтуға бағытталған әлеуметтік, ақпараттық және ғылыми-білім беру жобалар кешенін жүзеге асыру жоспарланған. Олардың бірі ұрпақтар сабақтастығын, халықтар достығын нығайтуға үндейді. Аталған шара осы бағыттағы ілкімді істердің бірі.