«100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы басым бағыттардың бірі әлеуметтіке салаға бағытталған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екендігін сезіндіру үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Өнерім, көңілім шуағым» атты фестиваль ұйымдастырылды. Бүгінгі күні облысымызда 5 мыңнан астам1-2 топтағы зағип жандар бар. Олардың біразы бала кезінен көру қабілетінен айрылса, енді бірі бертін келе түрлі жағдайларға душар болып жанарынан айрылған. Мүмкіндігі шектеулі демесеңіз, бұлардың ішінде де өлең шығарып, ән айтатындары бар. Тіпті, енді бірі кей спорт түрлерін жетік меңгерген. «Өнерім, көңілім шуағым» фестивалін ұйымдастырудағы негізгі мақсат та сондай азаматтарды жаңа қырынан ашып, қоғамды өз орнын табуға қол ұшын беру. Өнер шарасын ұйымдастырушылар «Мүгедектерді оңалту, оларға жағдай жасау» шарасы аясында өткізіп отыр.