Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында нақтылап көрсетілгеніндей халықтың денсаулығын сақтау мәселесіне ерекше назар аударылуда. Тәуелсіздікке тәубе дегізген ширек ғасырда Оңтүстік Қазақстан облысында 347 денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілген. Олардың халық денсаулығын нығайтуға қосқан үлесі мол әрине. Осы жылдар аралығында облыс халқының саны 1,8 млн-нан 2,8 млн-ға жеткен, яғни, 1 млн-ға артқан. Оңтүстікте «Алтын алқалы» аналар көп. Бүгінде күнгей бала туу көрсеткіші бойынша алдына қара салмай тұр. Өткен жылдың 31 желтоқсаны күні яғни бір күнде 235 сәби дүниеге келген. Олардың 103-і қыз, ал 130-ы ұл бала. ОҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әдетте облыс бойынша күніне 200-ге тарта бала дүниеге келеді екен. 1991 жылдан бері елімізде 7 млн-нан астам сәби дүниеге келіпті. Оған күнгейдің алтын құрсақты аналарының қосқан сүбелі үлесі басым. Аудандар бойынша саралайтын болсақ Бәйдібек ауданы алтын алқалы аналары ең көп аудан саналады. Әрбір төртінші баланың оңтүстікте дүние есігін ашатыны белгілі. Демографиялық дүмпуге мол үлес қосып отырған алтын аналардың қатары алдағы уақытта да арта түседі әрине. Ана мен балаға басым назар аударылатыны белгілі елімізде. Бала тууына орай төленетін бір реттік жәрдемақы көлемі де артып келеді. Соңғы жылдары жәрдемақы көлемі 7,8 есеге көбейіп, 13 мың теңгеден 103 мың теңгеге артты. Ал жәрдемақы төлеу жүйесі енгізілген осы уақыттан бері бала туу 60 пайызға көбейген.