«100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламалық құжаттың өзегі – әрбір азаматтың әл-ауқатын жақсарту, денсаулық сақтау салаларындағы тең құқылығын қалыптастыру болып табылады. Мемлекет тарапынан қолға алынған қай бағдарлама болсын ел игілігі үшін іске асырылуда. Оңтүстік Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласы жыл сайын қарқынды дамып келеді. Ауруханалар мен емханалар түгелдей дерлік заманауи құрал жабдықтармен жарақтандырылды. Дәрігерлердің басым бөлігі шетелдік озық клиникаларда тәжірибелерін арттыруда. Бұрындары шетелде оқу дегенді ойлаудың өзі мүмкін еместей көрінетін. Мұның барлығы да Тәуелсіздіктің жемісі. Бүгінде облыстық кардиологиялық орталық еліміз бойынша үшінші орында тұр. Мұнда жүрек ақауларын емдейтін арнайы жоғары технологиялы қондырғылар орнатылған. Сонымен қатар қымбат бағалы «Carto-3» үш өлшемді навигациялық жүйе сатып алынды. Аталған құрал науқастардың жүрек ақауларын ерте анықтауға септігін тигізуде. Тәуелсіздік тартуының тағы бірі – облысымызда алғаш рет ашылған балалар кардиохирургиясы. Бұрын мұндай орталық өңірімізде болмаған. Сол себепті де балалар айлап емес, жылдар бойы кезек күтетін. Ал бүгінде балалардың туа біткен жүрек ақауларына күрделі оталар облыстық балалар ауруханасындағы кардиологиялық бөлімде жасалады. Мәселен, ТМД елдерінің ішінде алғаш болып күнгейде скрининг-орталық ашылды. Еліміз бойынша тұңғыш рет қалқанша безінің обырын және жуан ішектің обырын ерте анықтауға мүмкіндік жасалды.