Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби аудандық Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Жыланбұзған орта мектебінде күрд ұлтының азаматтарымен кездесу болды. Кездесудің мақсаты — ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту және керегар діни ағымдарға қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу. Баяндаманы Облыстық Діни мәселелер зерттеу орталығының бөлім басшысы Ұлықбек Әлиакбарұлы жасады. Сарапшы ретінде «Үркер-Үміт» Балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік-психологиялық ақтау мен бейімдеу орталығының директоры Дильбар Омарова қатысты. Күрд мәдени орталығының төрағасы Әлиев Махмуд бастаған 100-ге тарта күрд ұлтының өкілдері жиналды. Баяндамашы дәстүрлі емес діни ағымның жетегінде кетіп қалмауға, сондай-ақ, балалардың алдауға түсіп қалмауын қадағалауды ескертті. Кереғар топтың өкілдері діни сауаты төмен адамдарды тез құрығына түсіреді. Сондықтан балаларға үйде дәстүрлі ислам дінін үйрету керектігін баса айтты. Сол арқылы олар дәстүрлі ислам мен кереғар ағымды ажырата алады. Алғашқы жылдары дін жамылған ағымдар кітапшалар мен дискілер тарату арқылы насихат жүргізетін. Қазір әлеуметтік желі арқылы оңай әрі жылдам жолын тапты. Сондықтан балалардың желідегі парақшаларын мұқият қадағалап отыру керек. Қазіргі таңда «Күрд халықтық конгресі» (бұрынғы атауы «Күрдстанның жұмысшы партиясы») ұйымы қауіпті ұйымдардың қатарында Ұйым содырларынаң арбауынан абай болу керек. Кездесу соңында баяндамашы ұлттық татулық пен ауызбірлікке шақырды. «Адамдарды біріктіретін таза ислам діні. Ислам адамдарды ұлтқа бөлмейді. Егер бөлетін болса, ол біздің ислам емес» деп, сөзін аяқтады Ұ. Әлиакбарұлы. Ұлт жоспарының басым бағыттарының бірі бірлік пен біртектілікті ту ету болса мұндай басқосулардың оған қосар үлесі қомақты болмақ.
Қ. Ноғаева