Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында балық шаруашылығын дамытуға барынша жағдай жасалуда. Қазірдің өзінде өңірде 26 балық шаруашылығы бар. Онда жылына 3 800 тонна балық өндіріледі. Алдағы екі жылда оның көлемін 30 пайызға арттыру көзделіп отыр. Нәтижесінде өнім көлемі 5 000 тоннаға ұлғаятын болады. Ол кезде ішкі нарықты толық қамтып қана қоймай, экспортқа шығаруға да мүмкіндік болмақ. Ал балық шаруашылығымен айналысамын деген жеке кәсіпкерлерге бес жыл мерзімге жеңілдетілген пайызбен несиелер беріледі. Осы бағдарлама аясында 150 миллион теңге қаржы бөлініп, 2 жоба қаржыландырылды. Жыл соңында тағы 3 жоба 400 млн теңгеге қаржыландырылмақ. Бүгінде облыс бойынша ең үлкен балық шаруашылығы Шардара қаласында орналасқан. «Хамит» СТК балық өңдеу зауыты бүгінде ісін ілгерілетіп отырған ірі кәсіпорын. Мұнда 387 гектар аумақты алып жатқан балық тәлімбағы бар. Зауытта балықты қабылдап алу, тазалау, балық филесін мұздатып, дайын өнімді қораптарға салу сынды жұмыстарыдың барлығы да заманауи құрылғылардың көмегімен жүзеге асырылады. Мұнда жылына 3 мың тоннаның көксерке балығы өндіріледі. Балықтардың 80 пайызы шетелге, 20 пайызы ішкі нарыққа тарайды. 4 ауысымда жұмыс істейді, Әр ауысымда 30 адамнан бар. Бұдан бөлек 2 шағын балық зауыты мен бір балық өңдеу цехының құрылысы жүріп жатыр. Осы нысандар іске қосылған жағдайда қосымша жылына 700 тонна балық өндіріліп, 85 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Балық өсіруге ниеттілер саны артып отыр бүгінде.