ОҚО-ы Арыс қаласында жаңа уақыттың басты басымдылықтарының бірі кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, кәсіпкерлікті дамыту мен кәсіпкерлерге қаржылай және заңдылық тұрғыдан көмек көрсету мақсатында жиын өтті.
Аталған жиынға қала әкімі М.Қадырбек, қалалық мәслихат хатшысы А.Байтанаев, Оңтүстік Қазақстан облысы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры А.Әбубәкіров пен осы саланың мамандары, жергілікті шағын және орта кәсіпкерлер қатысты. Жиында сөз алған ОҚО «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры А.Әбубәкіров мемлекеттік – жеке әріптестік саласындағы жобаларды дамыту, әкімшілік кедергілерді төмендету, адам ресурстарын дамыту, дуалдық оқу жүйесін қалыптастыру және кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру бағыттарында ақпарат берді. Кездесуде кәсіпкерлер палатасы Арыс қалалық филиалының директоры М.Төлебеков 2016 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша баяндама жасады. Баяндамада кәсіпкерлерге несие берілгені және оларға жан-жақты заңдылық тұрғыдан қолдау көрсетіліп жатқаны айтылды.
Кәсіпкерлер жиын соңында өздерінің толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды. Арыс ауданы бойынша былтырғы жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 3373-ке жетіп, 396 бірлікке артты. Оның 530-ы заңды тұлғалар, 1032-і шаруа қожалықтары және 1811-і жеке кәсіпкерлер. Оның ішінде белсенді жұмыс жасап жатқандары 72,4 пайызын құрап отыр. Кәсіпкерлердің өндірген өнімі 15,1 млрд. теңгені құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 1,1 млрд. теңгеге, жұмыспен қамтылғандар саны 7244 адамды құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 596 адамға артты.