Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ тәрбиесі. Білімді денсаулығы мықты азамат өсіру үшін, қоғамы болып ынтымақтасып атсалысуымыз қажет. Кейін опық жеп бармақ тістемеу үшін баланы қаршадайынан дұрыс тәрбиелеуге, бала бақытының шынайы бағбаны болуға атсалысқан жөн. Бала бақытының кепілі — ата – ананың өнегелі тәрбиесінде. Отбасындағы тәрбие әрбір мүшенің өзін — өзін сақтау, ұрпақты жалғастыру, өзін — өзі сыйлау қажеттігінен туындайды. Кез – келген бала өз отбасында, ата – ананың көз алдында жүріп көрсете алмайтын мінез — құлықтарын басқа қоғамда көрсетеді. Осы қиыны мен қызығы қатар жүретін маман иелерінің атсалысуымен бүгін ОҚО-ы Арыс қаласындағы №17 колледжде «Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Шараға Арыс ауданы прокуратурасының прокуроры Ж.Дауылбаев, Арыс АІІБ-нің ЖПҚ КТІЖ аға УПИ полиция майоры Ж.Жүнісбеков, қалалық білім бөлімінің басшысы Ә.Мұсаев, қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ш.Нұртазаева, Арыс АІІБ-нің жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы А.Мырзахметова, әлеуметтік педагогтар мен психологтар қатысты.Шара барысында бүгінгі күннің өзекті мәселесі қыз тәрбиесі мен ерте жүктіліктің алдын алу барысы талқыға салынды. Дөңгелек үстелге қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. «Ұлт жоспары «100 нақты қадам» екінші реформа – білім мәселесіне арналса, білім мен тәрбие тізгінін қатар алып жүру зор міндет жүктейді. Қоғамның әрбір мүшесі оның тәрбиесі мен жүріс-тұрысы қоғамның дамуына тікелей әсер етеді. Бұл мемлекеттің экономикалық қоғамдық, әлеуметтік, мәдени дамуына әкеледі. Сондықтан да тәрбие мәселесін ешуақытта да назардан тыс қалдыруға болмайды.