Сайрам ауданында ерекше балабақшаның ашылғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балабақшаның өзге бөбекжайлардан өзгешелігі көп. «ИКА» балабақшасында бүгінде психо-физиотерапевт, логопед, дефектолог, психолог пен әлеуеметтік педагогтар әрбір баламен жеке-жеке жұмыс істейді. Мұнда баланың денсаулығын жақсартуға сеп болатын, ой-өрісін дамытуға бағытталған сауықтыру шаралары жүргізіледі. Соған арналған құрал-жабдықтарымен жарақтандырылған. Түрлі тірек қимылға арналған құрылғылар баланың қимыл-қозғалысын жақсартуға көмектеседі. Ерекшелігі де сонда мүгедек баласы бар ата-ана үшін осы қызметтің барлығы да тегін. Туылғанынан сал ауруына шалдыққан, басқа да диагнозды балалар күнделікті сауықтыру шараларынан өтеді. Бұған дейін мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата аналар қаражат төлеп басқа орындарда емдеу шараларына апаратын, мұнда барлығының тегін екендігіне риза. Өйткені балаға берілетін жәрдемақылар дәрі дәрмегінен де артылмайтыны белгілі. Балабақшаға 6 мен 14 жас аралығындағы балалар қабылданады. Сайрам аудандық білім бөлімінің мамандары сұраныс болып жатқан жағдайда мұндай мекемелердің тағы да ашылуы мүмкін екенін айтып отыр.