
Бүгінде облыс орталығынан бөлек әр ауданда индустриалды аймақтар жұміс істеуде. Елімізде ең алғаш болып Оңтүстік Қазақстан облысында «Оңтүстік» индустриалды аймағы ашылған болатын. 2010 жылдан бері мұнда 39 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесі де жаман емес. Түрлі салаларда ашылған өндіріс орындарында 3 мыңнан астам азамат жұмыссыздықтан құтылып, екі қолға бір күрек тауып отыр. Ашылғаннан бергі уақытта іске қосылған кәсіпорындардың бірде біреуі тоқырауға ұшырамаған. Қайта өндіріс өркендеп, экспорттық әлеуеті артқан. Әрдайым мониторинг жүргізіліп, жұмыс барысы қадағаланып отырады. Облыс орталығынан бөлек Түркістан мен Кентау қалаларында, Созақ, Қазығұрт, Мақтарал және Түлкібас аудандарында да индустриалды аймақтар жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы көлемі 592 гектарды құраса, оны 976-ға дейін жеткізу жоспарланған. Индустриалды аймақтардың ашылып, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы облыс қазынасына қомақты үлес қосады. Жыл соңына дейін облыс бойынша тағы 17 жоба жүзеге аспақ. Оның құны 4,9 мрд теңгені құрайды. Нәтижесінде 656 жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.