
Бүгінде оқу үдерісінде жаңа технологияларды пайдалану студенттердің білім деңгейін жоғары сапаға көтерері анық. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында арнайы семинар болып өтті. Оған аудан-аймақтан 17 колледж мамандары қатысты. Жаңа технологияларды қолдану арқылы студенттердің білімін шыңдау, колледж педагогтеріне білім беру жүйесіндегі жаңа әдістерді үйрену, оқу үдерісін ұйымдастыруда әдістемелік көмек көрсету, педагогтардың біліктілігін арттыру мақсатында өзара тәжірибе алмасу семинардың басты мақсаты-тын. Сонымен қатар жұмысшы мамандығын дайындайтын оқу орындарында дуалды, модульді және бинарлық оқыту жүйелерін енгізу де қолға алынған. Биылғы жылы облыстық білім басқармасының жанынан әдістемелік орталық ашылған болатын. Осы орталықтың ұйымдастыруымен алғаш рет өткізіліп отырған семинарда шеберлік сыныптар, теориялық тәжірибемен алмасу, оқу бағдарламасына әдістемелік құралдар қолдану арқылы арнайы сабақтар өтті. Семинар барысында 1000-ға жуық студенті бар №2 колледж өздерінің методикалық жоспарымен келген колледж әдіскерлері және арнайы пән мұғалімдерімен бөлісті. Автомобильдік кран, техникалық көрсеткіштер, студенттердің жеткен жетістіктері, әдістемелік құрал-жабдықтар таныстырылды. Берері көп мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. «100 нақты қадамның» басты талаптарының да бірі білім сапасын арттыру екені белгілі. Мұндай шаралардың аталған бағдарламаға қосар үлесі зор.