Оқушыларды жастайынан еңбекке баулып өсіру мақсатында бүгінде кей мектептерде жылыжайлар ашылуда. Мектеп оқушылары жылыжайларда өздері көшет отырғызып, баптап өсіріп, жемісін көруде. Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданында бүгінде жылыжай шаруашылығы қарқынжы дамып келеді. Осы салаға мектеп оқышулары да өзіндік үлестерін қосуда. Аудандағы әрбір мектеп ұжымы өз жандарынан арнайы жылыжай ашып, мол өнім алуда. Оқушыларды жаппай еңбекке баулып өсірудің бұл да бір тиімді тәсілі. «Ақ алтын» деп аталатын білім ошағында балалар жылыжайда көкөніс өсірудің қыр-сырын меңгерген. Көшет көктегеннен суғарып, күтіп баптайтын олар жылына екі рет өнім алады. Жас буын оқу өндірістік тәжірибеде бақша дақылдарын қалай өсірудің қыр-сырын үйреніп, оны көбейту жолдарын да зердесіне тоқиды. Оқушылардың жылыжайда өсірген өнімдері ауылдағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға үлестіріліп, қалғаны мектеп асханасына өткізіледі. Тер төгіп өсірген өнімнің тәтті болатынын оқушылар түйсінеді. Өйткені өнімді өздері өсірген.