
Көбіне жастарды жақсы іске жұмылдырғанда көбік сөзбен емес, іспен дәлелдеген әлдеқайда тиімді әрине. Бүгінде аймақтарды жасыл желекке бөлеп, көгалдандыру жаппай қолға алынуда. Жуырда ОҚО-на қарасты арыс қаласында Мұрат Болатұлының бастамасымен қала аумағын көріктендіру және абаттандыру мақсатында 600-ге жуық адамның қатысуымен қалалық «Ағаш егу» акциясы өтті. Акцияны өткізудегі негізгі мақсат қала тұрғындарын қаланы таза ұстауға, жастарды еңбекке жұмылдыру арқылы, қаланы таза әрі жасыл қалаға айналдыруға шақыру болып табылады. «Ағаш ек, гүл ек – туған жерді түлет» деген нақыл сөзді ұстанған қала тұрғындары Арыс-Шымкент бағытындағы жол жиегіне 1500 түп қара тал көшеттері, «Жасыл аймақ» және «Жастар» саябақтарына, «Жеңіс» скверіне 200 сирия розасы, 300 катальпа және 300 талшын (каштан) ағаштарының көшеттерін отырғызды. Егерде әрбір қала тұрғыны өз ауласын таза ұстаса, егілген ағаш көшеттерінің дарақ болып өсуіне жағдай жасаса, үйлерінің қасбеттерін ақтаса Арыс қаласының бұдан да ажарлана түсетіні ақиқат. Сондықтан барлық арыстықтарды қала тазалығына бір кісідей атсалысуға, егілген ағаштарды суарып, баптауға шақырамыз.