Бүгінде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына дайындық барысында ауыл аудандарда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Созақ аудандық орталық кітапханада кітапханаға келуші оқырмандардың ақпарат және жаңа білімдерді шексіз пайдалануын қамтамасыз етіп, оларға жаңа, әрі сапалы түрде қызмет көрсетуді қалыптастыру, оқуға және білімге қызығушылықтарын қолдау, оқу мәдениетіне тәрбиелеу мақсатында ауылдық кітапханалар арасында семинар өткізілді. Семинар соңында Созақ аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының 25 жылдығы аясында ауылдық кітапханалардың жұмысы мен жетістіктерін насихаттау мақсатында жарияланған «Үздік ауылдық кітапхана — 2016» байқауының қорытындысы жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша «Үздік ауылдық кітапхана-2016» марапатын Таукент кентінің модельді кітапханасы алды. Сонымен бірге Жартытөбе ауылдық кітапханасы «Табысты бастама», Қыземшек кентінің моделді кітапханасы «Жаңа үлгідегі кітапхана» номинацияларымен марапатталды.