Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласы көркейіп, гүлденіп келеді. Жуырда қалалық мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері «Shymkent city» заманауи тұрғын және іскерлік орталығының алғашқы құрылыс жұмыстарымен танысты. Қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың айтуынша, жобаның жалпы аумағы 427 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда инфрақұрылым тарту және жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетерлігі, мұндағы жолдардың орташа ені 40 метрден 50 метрге дейін жетеді. Аталған кешенде жасыл аймақ, тротуарлар мен веложолдар қарастырылған. Жобаға бюджеттен 6,7 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын 2017 жылы аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, алғашқы тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуға жақын. 316 пәтерден тұратын 9, 12, 16 қабатты үйлер, 7 мектеп, 21 балабақша салу жоспарлануда. Қуантарлығы, тоғыз қабатты тұрғын үйлердің алғашқылары келесі жылдың наурыз айында пайдалануға беріледі. Пәтерлер «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында ұсынылады. Бұған қоса Н. Көшеровтың хабарлауынша, «Shymkent city» аумағында 70 мың адам тұруға арналған 300-ден астам көпқабатты үйлер, спорт кешені және қаладағы ең үлкен жалпы аумағы 62 гектардан асатын саябақ болады. Дәл қазіргі таңда шетелдік инвесторлармен қызу келіссөздер жүргізіліп жатыр. «ҚИК» және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» компанияларымен құрылыс жөнінен арнайы келісімдерге қол қойылды.