Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша тыңдап, қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл күні тұрғындар облыс әкіміне өндірістік және әлеуметтік, құрылыс, электроэнергетика, инвестиция тарту, сонымен қатар, ұлттық спорт түрлері сынды бірқатар салалар бойынша өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді. Қоғамдық қабылдауда – шымкенттік тұрғын Саттархан Абдалиев Ұлттық спорт ойындарының маңыздылығын көтеріп, болашақ ұрпаққа жеткізу туралы мәселеге алаңдаған спорт жанашыры осы сауалды оң шешуді сұрады. Азаматтың өтінішіне қаныққан өңір басшысы аталған спорт түрін дамыту бойынша жиын өткізу қажеттігіне тоқталып, бұл мәселе аясында облыстық Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ә.Нұртаевқа арнайы бағдарлама түзіп, жүйелі жұмыс жасауды тапсырды. Сонымен қатар, аймақ басшысы қала сыртынан ат спорты алаңының құрылысы жоспарланып жатқанын жеткізді. Жалпы, облыстағы түрлі деңгейдегі мекемелерде ұлттық спорттың 10 түрі – қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, бәйге, асық ату, теңге ілу, саят түрлері дамытылады. Аталған спорт түрлерімен 220-дан астам жаттықтырушы, 5 мыңнан астам спортшы айналысады.