Бүгінде облыс орталығында ауруханаладың жанынан бой көтеріп жатқан қосымша ғимараттар замана талабына сай салынып, жарақтандырылуда. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев құрылысы жүріп жатқан медициналық нысандарды аралады. Ондағы мақсат әлеумет үшін демеу болатын нысандардың сапасын қадағалалау болатын. Ең алдымен, облыс басшысы Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем көрсету ауруханасының жанынан салынып жатқан «В» корпусының жұмысымен танысты. Тәулік бойы тынбай жұмыс істейтін аурухананың жаңа ғимаратында қабылдау бөлімі, ота жасау блогы, жансақтау бөлімі мен галерея болады. Осы жапсарлас салынып жатқан құрылыстың сапасын қадағалаған аймақ басшысы медициналық нысанның заман талабына сай жүзеге асырылу қажеттігін қатаң ескертті. Жоба қуаттылығы 21 операциялық бөлме мен стационарлы 27 орынды қамтыған ғимарат құрылысы келер жылы аяқталып, пайдалануға берілмек. Аталған аурухана көпсалалы стационарлық қызметтік мекеме болып табылады. Тәулік бойы жұмыс істейтін мамандандырылған аурухана хирургиялық, травматологиялық, урологиялық, нейрохирургиялық, гинекологиялық, неврологиялық және терапиялық бейінде облыс тұрғындарына шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсетеді. Қазіргі уақытта қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы 425 орынға шақталған болса, оның 317-сі хирургиялық науқастарға, 108-і терапиялық бөлімнен тұрады. Клиникада жалпы саны 1 мыңға жуық қызметкер жұмыс атқарады. Мұндағы диагностикалық құрал-жабдықтар заман талабына сай жабдықталған.