Өнеркәсіпті өркендетуге барынша қолайлы Оңтүстік Қазақстан облысына инвестиция тартуға қызығушылық танытатын шетелдік компаниялар қатары артып отыр бүгінде. Мал шаруашылығын дамытуға, құрылыс саласын, жеңіл өнеркәсіпті ілгерілетуге құлшыныс танытқан бір топ делегация жуырда өңір басшысы Жансейіт Түймебаевпен кездесті. Оған Швейцария, Франция мен Армения елдерінен келген ірі компаниялардың құрылтайшылары яғни, «SASSTEX», «WKS Textile Solution» компаниясының құрылтайшысы Гелиджи Кристиан, «SCI France» инвестициялық компаниясының құрылтайшысы Акобян Граир, «Goldhein Investments» инвестициялық компаниясының құрылтайшысы Варагян Давид, «Goldhein Investments» инвестициялық компаниясының өкілі Тыныбек Ришат қатысты. Басқосу барысында өңір басшысы облыстың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін жобаларды жүзеге асыруға ниетті әрбір инвесторға әкімдік тарапынан қажетті қолдаулар жасалатынын жеткізді. Осы ретте әкім шетелдік кәсіпкерлерді заманауи жабдықталған мақта өңдеу зауытын құру, жол құрылысы мен мал шаруашылығы, тері өңдеу, сонымен қатар, ағаш-полимерлі материалдар өндірісінің желісін құру сынды ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Айтса айтқандай-ақ аталмыш салаларға инвестиция тартқан жағдайда облысымыз үшін тиімді тұстары көп. Өңірді өркендетуден бастап, жаңа жұмыс орындарының ашылғаны да тиімді болатыны рас.