Шетелдік компания басшылары дамудың шыңына шыққан өз елдеріндегі ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп бағытында әлемдік деңгейде көшбасшы болып табылатын бірқатар жобаларды Оңтүстік Қазақстан облысында да жүзеге асыруға болатынын тілге тиек етті. Олар облыс аумағындағы жол құрылысы мен тері, мақта, қоқыс өңдейтін зауыттарын құру және құрылыс материалдарын шығару, мал шаруашылығын дамыту бойынша жобаларға қызығушылық танытты. Аталған жобаларды дамытуда тәжирибелерінің мол екендігіне де тоқталды. Шетелдік инвесторлар жол құрылысы саласын дамытуда қазіргі заманауи технологияны пайдалана отырып, талапқа сай тәулігіне 5 шақырым жол сала алатын мүмкіндіктерін алға тартты. Егер жақын уақытта жобалар жүзеге асса әлеуметтік мәселелерді де қоса шешуге мүмкін бар, яғни жергілікті тұрғындарды да жұмыспен қамтылатын болады. Сондай-ақ, мақта өңдеу зауытын құру саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Ал мал шаруашылығын дамытуда Романов тұқымдас қойларын оңтүстікке жерсіндіре отырып мал басын көбейту арқылы ет экспортын арттыру жобалары да табысты іске асатынына сендірді. Әрі оны БАӘ мен Иран елдеріне өткізу жұмыстарын да өздері ұйымдастырмақ. Оңтүстіктің инвестициялық мүмкіндіктерін бағдарлаған Франциялық, Швейцариялық және Армениялық инвесторлар облыс әкімдігімен ортақ шешімге келуге уағдаласты. Әлемдік нарықта көп жылдық тәжірибесі бар «SASSTEX», «WKS Textile Solution», «SCI France» «Goldhein Investments» серіктестігі кең ауқымды, ұзақ мерзімді жобаларды әзірлеп, жүзеге асырумен айналысатын ірі компаниялар болып табылады.