Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында өңір басшысы бірнеше туристік, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарының жұмысымен танысты. Киелі Түркістан қаласы бүкіл түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасы болып табылатыны белгілі. Сондықтан да жыл бойы мұнда әлемнің түкпір түкпірінен ағылған туристер легі толастаған емес. Сондықтан да туристерге жасалатын жағдайларды барынша жоғары деңгейге көтеру күн тәртібінен түспеуі тиіс. Облыс әкімі де осы мәселеге барынша көңіл бөлуді қатаң тапсырды. Түркістан қаласын аралау кезінде аймақ басшысымен бірге Түркияның астанасы — Анкара қаласы мэрінің орынбасары Рамазан Кабасакал мен измирлік кәсіпкер Омур Онур мырзалар да қатысып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Ең алдымен, облыс әкімі бастаған делегаттар Орта Азияда теңдесі жоқ тарихи жәдігер саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болды. Сонымен қатар, олар «Көне Түркістан» тарихи-мәдени туризмін дамыту концепциясымен танысты. Өңір басшысы Түркістанды туристік қалаға, туризм орталығына айналдыру негізгі мәселенің бірі екенін қадап айтты. Ұсынылған тұжырымдаманы әлі де жетілдіріп, халықаралық стандартқа сай етіліп қайта толықтырылып, қайта жасауды тапсырды. Бүкіл әлемнің әр түкпірінен жылына 1 миллионнан астам турист келетін аймаққа алдағы жылдары Түркияның өзінен 1 миллионға жуық туристердің келуге дайын екенін айтты аймақ басшысы. Осыған орай сервистік қызметтердің сапасын жоғары деңгейге көтеру қажеттігіне тоқталды.