Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Бәйдібек ауданы әкімінің кезекті аппарат мәжілісінде аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы С.Нұрсейітов «2016 жылдың он айында салық түрлерінің орындалуы бойынша атқарылған жұмыстар»; «Бәйдібек-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Е.Тойшыбеков «Су жүйесі іске қосылған елді мекендерді жиырма төрт сағат ауыз сумен қамтамасыз ету және су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылуы»; «Ауыл-қызмет» кәсіпорнының директоры Н.Қалқожаев «Елді мекендердегі нысандарға кіре беріс жолдар мен ішкі топырақ жолдарға тас төсеу жұмыстарының барысы және тұрмыстық қатты қалдық қоқыстарды тастау полигондарының жалпы жағдайы туралы» есептер берді. Аудан әкімі Б.Танагузов салық жоспарларының он айдағы орындалуының ауыл әкімдері бойынша алғанда әр түрлі екендігіне назар аудартып, салықтың барлық түрінен белгі-ленген меженің орындалуы тиіс екендігін, бұл мәселеге те-рең талдау жасап, әр ауыл әкімінің жеке есеп беретіндіктерін ескертті.«Бәйдібек-су» кәсіпорын басшысына қаржысы бөлінген жұмыстардың белгіленген уақытта орындалмауының мүлдем дұрыс еместігін қайталай ескертіп, мәселені тез арада шешуді қатаң тапсырды. Дәл осындай кемшілікке, яғни тапсырманың орындалу мерзімін кешіктіруге жол бергендігі «Ауыл-қызметтің» басшысы Н.Қалқожаевқа да қатаң ескертіліп, кемшілікті жоюдың нақты мерзімі белгіленді. Ауыл әкімдіктеріндегі және Шаян ауылындағы тұрмыстық қоқыс қалдықтарын тастау орындарының мүлдем төзгісіз жағдайға жеткендігі сынға алынды. Алдағы уақытта ауылдардың, көшелердің тазалығын қамтамасыз етуді іске асыру аталған мекеме мен ауыл әкімдерінен талап етіледі. Аппарат мәжілісін қорытындылаған аудан басшысы әлеуметтік мәселелердің дұрыс шешім табуы қатаң сұралатынын және үнемі бақылауда бола-тындығына назар аудартты.
«АЛҒАБАС» — ақпарат.