ОҚО әкімінің Отырарға сапары барысында жұмысшы топ «Отырар Сүт-Ет» СТК-нің жұмысымен де танысты. Көкмардан ауылында орналасқан өндірістік кооператив сапалы ет пен сүт өндіреді. Сондай-ақ осында өндірілетін «Маяқұм» шұбатының бүгінде сұранысы аса жоғары. Барлық сапа талаптарына сай өндірілетін шұбаттың сатып алушылар күннен күнге артып отыр. Сапалы өнімдер 6 облыс пен Алматы, Астана қалаларында сатылуда. Дүкен сөрелерінде сарғайып ұзақ жатпайтын өнімдердің қатарында. Қазіргі таңда кооперативте 700-ге жуық түйе, 88 бас сиыр бар. Тәуліктік қуаттылығы – 1,25 тонна шұбат, 900 литр сүт өндіреді. Кооперативтің құрамында 67 шаруа қожалығы бар. Өндіріс көлемі жоғары кәсіпорынның алға қойған жоспары да ауқымды. Жақын келешекте ет пен сүтті терең өңдеуді жоспарлап отыр. Жұмыс сапарының соңы, әдеттегідей, Отырар ауданының активімен кездесумен жалғасты. Алдымен, аудан әкімі Ерлан Айтаханов Отырардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады. Одан кейін Ж.Түймебаев аудан бойынша сын-ескертпелер мен тапсырмаларын айтты. Туризм саласы бойынша Отырардың потенциалының мықты екенін алға тартқан әкім өңірге отандық және шетелдік қонақтарды көптеп тарту жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ, бұл ортақ істі атқаруда ауыл әкімдері аудан әкіміне көмекші болып, межелі жоспарларды бірлесе орындауға шақырды.