Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттырып, кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндіктер жасау мақсатында қазақ-өзбек бірлескен бизнес конференциясы өтті, — деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Конференция жұмысына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Қазақстан Республикасының Өзбекстан мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Ерік Өтембаев пен 70-ке жуық қос мемлекеттің кәсіпкерлері қатысты. Бизнес кездесуде сөз алған өңір басшысы барша қатысушы қонақтарға алғысын білдіріп, бүгінгі жиын екіжақты қатынастарды дамытуда пайдалы алаң болатынына сенім білдірді. «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі инвестициялық жобаларды іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Біздің мемлекетте индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып, ол қазіргі уақытта облыс экономикасының дамуына септігін тигізіп келеді. Дамыған әлем елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, индустриалды аймақтар инвесторларды тартудың негізгі құралы болып табылады. Бүгінде облыстың қалалары мен аудандарында 11 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Өңдеуші өнеркәсіп бағытындағы жобаларды іске асырушы инвесторлар үшін біз аталған аймақтан жер учаскелерін бөліп беруге әзірміз. Сонымен қатар, осында өндірілген өнімді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен ҚХР-на экспорттауға мүмкіндік бар», -деді әкім.