— Шығармашылық адамдарының туындыларын оқығанда адалдық, адамдық, туралық, тазалық туралы қасиеттерге қанығып, тәнті боласың. Ал туынды иелерінің кейбірімен сөйлесе қалсаң, араласа келе туындысы мен өзінің ішкі жан дүниесі мүлдем қабыспайтынына көзің жетеді. Пендеауи тірліктері көп. Жан дүниесі таза емес адамнан таза дүние қалай тумақ?
— Бір қызығы, бұл сұрақтың маған нендей қатысы бар екен деп ойланып отырмын. Менің өзім де, өлеңдерім де «тап-таза», «судан таза, сүттен ақ» деп айта алмай отырмын. Қайбір жолы бір қаламгер екінші қаламгер туралы «Мен ақын танысам – ол керемет мықты ақын. Мен адам танысам – ол адам емес» деген сөз айтқан болатын. Мен соның екеуінің де кімдер екенін білем. Кейде-кейде қарап отырсаңыз қалам ұстаған қауымның арасында да кейбір молдекеңдер секілділері болады ғой. «Айтқанын істеп, істегенін істемеген» дұрыс…
— Ақын, мінез, ащы су…. Бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғымдардай көрінетіні рас. Мінезсіз ақыннан мінезсіз өлең туары анық. Ал ащы сусыз…
— Соңғы кезде осындай бір өте жаман пікір қалыптасып, қоғамның миына сіңіп бара жатыр. Мәселен, сіз біреуге сылқитып арақ беріп, ақ қағазға аты-жөнін жаздырып көріңізші, ертеңіне өзінің не жазғанын өзі түсінер ме екен?! «Ойбай, Мұқағали ішпесе өлең жаза алмаған екен…», «Шәмші «тамақ жібітпесе» ән шығара алмапты-мыс…» деген сөз тіркестерінен арылатын кез келген жоқ па әлі?!
Мен жұрттың көзіне керемет бір тақуа боп көрінбей-ақ қояйын. Рас, той-томалақ, жиындарда менің де ішетін ретім келеді. Жасырмаймын. Бірақ, әр нәрсе өз ретімен. Сондықтан, бір қаламгер көрсе «ой, ол ақын ғой», «әуейі», «тентекшалыс», «жындысүрей», «қайыршы», «дәруіш», «айкезбе» деген пікірді қоғамның санасынан мүлдем жұлып тастайтын кезі келген сияқты.
Ал, енді мінез мәселесі менде жетіп-артылатынын жасырмаймын. Кімнің жақсы танығысы келсе жақынырақ араласып көрсін. Ұнамасақ өзі-ақ кетер. Басқа не айтамыз?!
— Бір шумақ түгілі бір ғана өлең жолымен тез еске түсетін ақындар бар, мысалы «…ағытшы бешпентіңнің түймелерін» десе Мұқағали, «…өзі сүю қыздардың соры ғана» десе Ақұштап апамыз еске түседі. Жастар жаттап алып, үнемі айтып жүретін, ұрандай болып кеткен өлең жолдарыңыз қайсы…
— Біріншіден, «ағытшы бешпентіңнің түймелерін…» дегенді Мұқағали айтқан жоқ. Дегенмен, сұрағыңыз орынды. Орыстың Рубцовы «елдің есінде екі тармақ өлеңім қалса бақыттымын…» деген сөзі бар. Сол, айтпақшы, менің де біраз тармақ өлеңім елдің есінде бар шығар. Бірақ, кімнің есінде қай тармақтың қалғанын білмедім. Ал «ұрандай болып» жүрген өлең жолдарым жоқ шығар. Ондай сөзді әлі жаза қойғам жоқ…
— Бүгінде әнге мәтін жазатын ақындардың дәурені жүріп тұр, олардың арасында атыңыз тым аз аталады…
— Оны кезінде жаздық қой. Өз әндерім мен күйлерім де бар. Әлі де қартайып бара жатқан түгім жоқ. Талайы жазылар, талайы жазыла алмай кетер. Ал былайынша, жұрттың «дәурені» жүрсе жүре берсін. Дегенмен, соңғы кезде өзі ақын, өзі композитор, өзі әнші, өзі аранжировканың шебері боп жүргендер көбейіп барады. Ауылдағы апамыз айтпақшы, «әнін жазған Жүмән, сөзін жазған Жүмән, орындайтын Жүмән…» дегендей. Сондықтан, Жақаевша айтсақ, «диқан кетпеніне, жазушы қаламына ие болғаны» дұрыс қой. Ал, әншінің әнге ие болғаны жөн. Мен соңғы кезде әлгінде өзіңіз айтқан «дәурені жүріп тұрғандардың» арасынан көп аталмай жүргеніме қуанамын кейде…
— Өмір — өлең. Өмірі өлеңмен өрілген талай жан тағдырының тас маңдай екенін айтып өкініш уытын шашқан өлең жазады. «Тағдырыма ризамын» деген өлең қашан туады сонда?
— Рас, соңғы кезде біраз өлеңдер «жылап кетті». Дегенмен, көпшіліктің бәріне бір көзбен қараған да дұрыс емес. Жөндеп, кеңірек ізденіп оқитын адамға көкірек көзді ашып, көңілді нұрландыратын ғажайып өлеңдер баршылық қой. Айналып кеп бес-алты ақынның зарлы жырын оқып, бар ақын біткенді «жылаңқы» етіп жіберген де жөн емес. Десек те, мені «тағдырына риза емес» деп кім айтты?! Әу бастан қайқы ма, тайқы ма, әйтеуір мына маңдайға жазылған тағдырым бар. Мен сол тағдырыма ризамын. Қалай болған күнде де…
— Әр ақынның өз әлемі болады. Ал үнемі «бір жаққа???…» кетіп қалғысы келетін ақындар тіптен көп. «Мен де аспанға кетсем бе екен?.. Жалықтым!» дейсіз…
— Айналайындар, мен сол айтып тұрған аспан жаққа талай рет кетіп қала жаздап, талай рет қайтып кеп қалған адамдардың бірімін. Өмір сүріп жүрген адам өлім туралы ешқашан ұмытпағаны абзал. Кей-кейде, ара-арасында мына бір жер бетіндегі қыбыр-жыбыр тіршіліктен, Алла әу баста Адам ғып жаратқан пенделердің айуандық әрекеттерінен жалыққанда шынында да «сол жаққа» кетіп қалғың келетіні рас қой. Сондықтан, қашан, қандай жағдайда болса да мен үнемі «кетіп қалуға» туылғаннан бері дайын жүрген адаммын.
– «Тасқаланың тасасында қап қойған талай сырдың бары анық», сол талай сырға қанығар ма екен көпшілік…. және қашан?
— Ол сырлар – менің жеке сырларым. Сондықтан, менің сырларымда көпшіліктің «шатағы» болмағай. Өз сөзім секілді, өз сырым да өзімдікі. Менің ішімде жатқан біраз нәрсені ел білсе мына жалғаннан баз кешіп, екі қолын төбесіне қойып, дүниядан безіп кетуі бек мүмкін. Сондықтан, өз сырымды өзіме қалдырыңыздаршы, өтініш…
Гүлжан Көшерова