Көгентүп көкелеріміздің айтуына қарағанда, олардың жас кездерінде көңіліне жаққан қыздармен танысуға таптырмайтын тәсіл – сағат сұрау болған екен. Қасы көзі қиылып, тал шыбықтай иіліп тұрған қызға «қарындас, сағатыңыз неше болды?» деп талайларымен танысуға себеп болған сағат шіркіннің құзіреті бүгінгіге жүрмейді. «Ақырзаманның балалары» деген атақты иеленген қазіргінің жүгермектерінің танысу құралы – темекі болып тұр. Оның ешқандай сөкеттігі жоқ. «Қарындас, темекіңіз бар ма?» деп сүйкене кетуге сылтау дайын. Мұндайда өзін қалалықтардың қатарынан санайтын, өзін өзі «сыйлайтын» қыздың темекі шекпеуі мүмкін емес. Қыздарды осылай оп-оңай «сындыруға» болады. Енді темекі тұтататын оттық керек. Сүйріктей саусақтарымен бір тал темекіні езуіне қыстырған қызға сіріңкені дайындап көмектескен абзал. Сосын будақтаған түтіннен «кәйі-і-і-п» ұстап, әңгімең жарасып жүре береді. «Шүкір» қазір бықсып, (бықсығанда қазан-ошақтың қасында самаурын тұтатып ыс саситын емес) түтіндеп жүретін қыздар баршылық. Экономика, заң, халықаралық қатынас, шет тілдері секілді шұрайлы факультеттер жаққа бас сұға қалсаңыз, шір- кі-ін ауылдағы апамның үстінен шығатын ыстың иісін құшырлана жұтасыз. Қазір «сәннен» шығып қалған гуманитарлық салада білім алып жүрген қыздарымыз да қатардан қалыса қоймайды. Олар да өзін «колхоз» қып көрсеткісі келмей, таласа-тармаса, жарыса шегетін болған. Тек қана, шығаруын шығарып алып, «Денсаулық сақтау министрлігі темекі шегудің зиянды екенін ескертеді» деген лупамен оқуға болатын майда әріптермен әдіптеп жазғаны болмаса, бұл құрғырдың қорабына да көз қызығады ғой. Шекпесіңе қоймай шақырып тұрады. Денсаулықтан бұрын көштен қалмаудың қамын ойлап, кәсіпқой болуыңа тура келеді. Көк түтінді жұта-жұта кеуде шіркін ысталған шанақтай болады. Ақшаңның таусылғанына қарай ма, бұл шылым деген? Мұрныңды жыбырлатып жаныңды қинайды ғой. Мұндайда амал жоқ асарлатуға тура келеді. Асарлатып темекі тарту қалтасы жұқа студенттер үшін таптырмайтын тәсіл. Бұрышты айнала бере қораланып тұра қалып, бір темекіні кезек-кезек құшырлана сорудың өзі неге тұрады? Байғұс басымыз кейде жартылай шегілген темекі тұқылын іздеп кетеміз. Ауладан далап жұққан еріндерден «өлім жазасына» кесілген талай темекінің моласын тауып алуға болады. Қыз шіркіндер кеңдеу келеді ғой. Түбіне дейін шекпейді. Кейде жартысынан-ақ тауыспай тастап кетеді. Оған да шүкір жеке гигиена, тазалық дегеннің атасына бір түкіріп қойып тарта бересің. Есеп қисапқа жүйрік басым есептеп жіберсем, қазір мектепте оқитыны бар, студенті бар қыздардың 60 пайыздан астамы темекіші десем қателеспейтін шығармын. Олардың қатары күн өткен сайын өсе түспесе, кеміп жатқан жоқ. «Қорыған жерге ит пен «қыз өш» демекші денсаулыққа қатерлі һәм зиянды екенін біле тұра әкесінің құны қалғандай құнығып шегеді- ау, бәтшағарлар. Осындайда жастардың түтінді тажалға тым әуестігіне ішің ашиды… Ауыздың желдеткіші орбиттің өтімділігіне сатушылар да дән риза. «Темекі шегетін қызбен сүйіссем, күлсалғышты жалағандай боламын» деп бір ағам айтпақшы күлсалғыштың ролін атқарғысы келмейтіндері күйіс қайырған сиырдай болып, аузын арандай ашып, арасында «шаригін» шығарып қойып, оны паһ еткізіп жарып, сағыз шайнап тұрған қызды көрсеңіз осы шылымқор емес пе екен деп қаласыз. Арзан темекіге ағзасы арамданған қыздарды жігіттер де жаратпайды-ақ. Бірақ, онысын білдірмей қыздармен жарыса темекі шегіп тұрса да, өздері темекіні аузына алып көрмеген таза қызға үйленгісі келеді. Келешек келіндердің құлағына алтын сырға дейміз де. Тек қыздарын қырық үйден тыйып ұстаған қазекем қырық теңгелік темекінің алдында амалы құрып тұр ғой…
(Жастардың «құлағына алтын сырға»)