Ұлттық ою-өрнек салынған дүниені көзіміз шалып қалса, «қайдан алды екен?» деген қызығушылық оянатыны рас. Бүгінде көпшілік шетелден келген брендтік дүниеге қызығатыны жасырын емес. Алайда өзіміздің ұлттық дүниелеріміз қай брендтен кем? Бірақ қолда бардың қадірін түсінетіндер кемшін түсіп жататыны рас енді. 80-ші жылдары қоржын іспеттес кілем сияқты етіп тоқылған сөмкелер сәнге еніп, жұрттың бәрі жырғап қалғаны бар. Ол кездері ауылдағы апаларымыз қолдан кілем тоқитын. Бертін келе «күйе жейді, зілдей ауыр» деген сан-сылтаумен қол кілемді босағаға лақтырып тастадық. Оның орнын парсының қалы кілемдері, түрікпеннің, түріктердің кілемі басты. Қоржын сөмке де солардың тасасында қалып, сәннен шықты. Дегенмен бүгінде қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан ұялы телефон қаптайтын, болмаса ұлттық ою-өрнегі бар аспалы сөмке ұстайтын жастарды көргенде сүйсінесің… Халқымыздың төл туындыларын жаңғырту жолында «Жастарды қолөнерге баулу» жобасы қолға алынғанына да аз ғана уақыт болды. 14 пен 24 жас аралығындағы замандастарымыз бар зейінін салып, ұлттық өнерді үйреніп жүр. Облыс орталығындағы жасөспірімдер үйінде осынау игі іс жалғасын табуда. Бүгінде мектептерде еңбекке баулу сабағында ұлттық бұйымдар жасауға көптеп көңіл бөлінуде. Ал жасөспірімдер орталығында бұны тереңдетіп оқытады.
Аида Бектенова, ОҚО жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушісі:
— Жүн түту, киіз басу дегенді тек теледидардан көретін жастар көп қой бүгінде. Мен де бұл таңсық заттарды түрлі кинолардан, сосын ауылға барғанда ғана көрдім. Дегенмен жүннен жасалған дүниелер ұнайды. Осы орталықта жүннен, киізден түрлі бұйымдар жасауды үйрендім. Оның ішінде ұлттық нақыштағы сөмкелер, шашбаулар, түрлі сәндік бұйымдар жасауға болады. Алдағы уақытта жаңадан нешетүрлі жасалым түрлерін оқып-үйреніп, болашақта кәсібімді осы саладан ашқым келеді.
Қолөнер сабағынан көпшіліктің үйренері көп. Қарапайым дүниеден бастап түрлі сәнді бұйымдар жасауды үйренуге болады. Тіпті бүгіндері ұмытыла бастаған киіз басуды осында үйренуге болады. Ал сосын киізден керемет ұлттық дүниелерді жасауды үйреніп жүргендердің қарасы қалың.
Рыскүл Бекталиева, ҚР қолөнершілер Одағының мүшесі, киіз басу өнерінің шебері:
— Әу баста жастар қолына ұстап көрмеген жүнге үрке қарағаны рас. Көз жауын аларлықтай керемет дүниелер жасап шығарған соң олар бүгінде машықтанып алған. Қызығушылықтары артып келеді. Өз қолымен жасап шығарған бұйымдар арасынан біздің қорға бірнешеуін өткізуі қажет. Олардың арасында расында фабрикадан шыққандай тамаша жасалған туындылар көп.
«Жастардың қолөнерге баулу» жобасының жүзеге асырылуына «Экономикалық және азаматтану, білім беру интеллект» қоғамдық бірлестігі қолдау көрсетуде. Қоғамдық ұйым айтулы қолөнерді үйретіп қана қоймай, осы қолөнер түріне машықтанған жас мамандардың кәсібін дөңгелетуіне қол ұшын бермек. Яғни, киіз өнерін баптауға үйренгендердің осы саладағы кәсіпкерлікті қолға алуына мүмкіндігі мол. Алдағы уақытта сәндік қолданбалы өнер саласында осында машықтанған жастардың туындылары озып шығып, бәйге алып жатса ұстаздарының мерейі тасығаны.