Бүгінде жоғары оқу орнын тәмәмдаған әрбір жасты жұмыссыз қалмау жағы толғандыратыны белгілі. Дипломды жұмыссыздар қатары артып отырған бүгінгідей кезеңде сұранысқа ие мамандық таңдау алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Соңғы әлетте Оңтүстік Қазақстан облысындағы тағам өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпорындар көптеп ашылуда. Тәтті торттар пісіретін, сондай-ақ макарон өнімдерін өндіретін шағын кәсіпкерлік нысандар саны да артып келеді. Ондағы жұмыстың барлығы да қол күшімен атқарылмайды бұрынғыдай. Заман алға жылжыған сайын кәсіпорындар да, шағын цехтар да автоматтандырылған. Өндіріс өркендеген сайын озық заманауи қондырғылардың тілін білетін кадрға деген сұраныс артып келеді. Облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің мәлімдеуінше, нақ осы саланың өзіне 2,5 мың маман қажет екен. Бүгінде облыс орталығында жиһаз жасайтын кәсіпорындар, полиэтилен құбырларын шығаратын шағын зауыттар баршылық. Одан бөлек тағам өнімдерін өндіретіндері тіптен көп. Қысқасы Шымкенттен шықпайтын өнім жоқ десе де болады. Сол кәсіпорындардың барлығына да техниканың тілін білетін кәнігі маман қажет. Мәселен сүт өнімдерін өңдейтін шағын зауыттардың өнімі өтімді бүгінде. Тіптен соңғы әлетте Ресейден, Белоруссиядан келетін өнімдерді шетке ығыстыра бастады десек артық айтқандық емес. Мұның бәрі де заманауи құрал-жабдықтардың арқасында іске асып отыр. Бәрінен бұрын сол құрылғылардың «құлағында» ойнайтын мамандардың іскерлігінің арқасында мүмкін болып отыр. Шымкенттік кәсіпкер шығарып жатқан отандық өнім шетелдік өнімдерден олқы емес. Озық болмаса. Сүт өнімдерін тереңдетіп өңдейтін зауыт соңғы технологиямен толықтай жарақтандырылған. Шетелдерден әкелінген техниканың барлығы да заманауи. Артықшылықтары көп. Мұнда 7 түрлі ірімшік жасайды. Тәулігіне 3 тонна сүтті тереңдетіп өңдейді. Заманауи қондырғыларды жергілікті жастар толық меңгерген. Осында технолог болып жұмыс атқаратын С. Патшаханов: «Соңғы технологияны меңгеру оңай емес. Дегенмен тәжірибесі мол мамандардан үйренеріміз мол. Мұнда барынша өнімнің сапалы болуына баса мән береміз. Ең алдымен шикізаттың сапалылығына назар аударылады» дейді. Ал кәсіпорын басшысы Алмагүл Айқан: «Бүгінде толықтай соңғы технологиямен жұмыс істейтін өндіріс орындарына кәсіби мамандар өте қажет. Керекті маман тапшылығы бірінші кезекте тұрған мәселе. Қазір технолог маман табу өте қиын. Бұндай жағдай біздің кәсіпорында ғана емес басқа өндірістерде де бар. Білімі мен тәжірибесін ұштастырған, кәсіби маман табу оңай емес. Бүгінде зауытқа қажетті қондырғыларды табу қиын емес, кәсіби маман табу қиынға соғып тұр» дейді.
Өнім өтімді болуы үшін сапалы болуы керек. Ал оның сапасын арттыратын әрине мамандар. Нарықтағы сұраныстағы мамандарға барлау жасаған Білім және ғылым министірлігінің бастамасымен жаңадан ашылатын инновациялық кәсіпорындарға қажетті маман даярлау ісі қолға алынды. Биылдан бастап еліміздегі 11 іргелі оқу орындары 24 сала бойынша кадр даярлауда. Аталған бағдарлама аясында 1 700 азамат білім алып жатыр. Жобаға әр өңір өздеріне қажетті деген маманға тапсырыс берген. Бағдарлама аясында Шымкентте «Тамақ инженериясы мен азық-түлік өнімдерінің» қауіпсіздігі бойынша магистранттар дайындалатын болады. Оларға шетелден келген арнайы мамандар дәріс оқиды.
Жұмахан Мырхалықов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры:
— Бұл бағдарлама бойынша бакалаврды бітірген, жұмыс орнында істеп жатқан жастар оқиды. Оқуға түсу процесі бұрынғыдай, өзгермеген. Сұраныс бойынша білім алып жатқан олар кейіннен әлбетте жұмысқа орналастырылатын болады. Бағдарлама аясында оқу бітірген түлектер облыс аумағындағы жаңадан ашылған кәсіпорындарға жұмысқа тұрады. Алдағы уақытта тамақ өнеркәсібі саласы бойынша заманауи құралдармен жабдықталған ірі-ғылыми зерттеу кешенін құру да жоспарда бар.