Бүгінде әлемнің әр түкпірінде еліміздің көк туын көкте желбіретіп, жеңіске етіп жүрген ұландарымыз жетерлік. Солардың басым бөлігі оңтүстіктен шыққан оғландар. Топырағы киелі, тасын түртсең тарихтан сыр шертетін қасиетті мекеннің тумалары өзгелерден оқ бойы озық болмаққа тиісті де. Өнерде болсын, спортта болсын облыстың ғана емес бүткіл еліміздің атағын аспандатып жүрген жастардың да қарасы көбейіп келеді бүгінде. Әсіресе спорт саласында оза шауып бәйге алған, бағы мен бабы келіскен жастардың қатары күн санап көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Оған жастардың салауатты өмір салтын ұстануға бет бұруы көп септігін тигізсе, екінші жағынан бүгінде көптеген спорт кешендері ашылып, халыққа қызмет көрсетуде. Бала жасынан қалаған спорт түрімен айналысамын десе спорт сарайларының есігі ашық. Баланың зейіні мен бейімін байқап, бағыт беретін бапкерлер баршылық. Өзінің көңілі қалаған спорт түрімен айналысқан баланың түбінде жетістікке жетпей қоймауы мүмкін емес. Ол үшін аянбай тер төгіп, барын салып бабын келістірсе болғаны. Облыста оза шауып, республикалық жарыстарда топ жарып, халықаралық бәйгелерді қанжығасына байлап, әлемдік додаларда бәйге бермеген дүлдүлдеріміздің қатары бұдан да артарына сенім кәміл. Солардың бірі Бразилияның Сальвадоре-де-Байя қаласында өткен еркін күрестен жастар арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Бағдәулет Әлментай. Облысымыздың мақтанышы, еліміздің абыройын асқақтатқан спортшының жаттықтырушысы Тоймұханбет Төребекұлы Бағдаулеттің бойындағы бұла күшін ерте бастан байқап, күрделі спорт түріне баулып келеді. Әрі шәкіртімен бірге төккен тері далаға кеткен жоқ. Бағдәулет Әлментай 2011-ші жылдан бері жастар арасындағы байрақты бәсекелерде топ жарып жүр. Қай жарысқа салса да жауырыны жерге тимеген. Еркін күрестен азияның екі дүркін чемпионы. Талай елдің білегі жуан балуандары бас қосқан жарыста оза шауып бәйге алу оңайға соқпағаны анық. Бразилияның Сальвадоре-де – Байя қаласында өткен әлем чемпионатында расында кілең мықтылар жиналған-ды. Қазақтың қара домалағы бұл жолы да жерлестерін жерге қаратпады. Мықтылардың жауырын жерге тигізген жас балуанды жуырда облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов қабылдап, миллион теңгенің сертификатын сыйлады. Сондай-ақ Бақдәулет Әлментайдың жаттықтырушысы Тоймұханбет Төребекұлының да еселі еңбегін бағалап, бес жүз мың теңгенің сертификатын табыстады. Расында мақтан тұтуға тұрарлық спортшыларымызды өз жерлестерінің көкке көтергені әлемдік додаларда алған медальдарынан мың есе артық екені анық. Қабылдау барысында Бейбіт Атамқұлов жас балуанды жеткен жетістігімен құттықтап, алдағы байрақты бәсекеде жоғарғы нәтижеге қол жеткізуіне сәттілік тіледі. Сондай-ақ қазақтың қалың қарасы шоғырланған әрі кіл мықтылардың арасынан озып шығу оңай еместігін де тілге тиек етті. Өңір басшысы спорт саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарылатынын айтты. Келер жылы өтетін жазғы Олимпиадаға қатысуға үмітті оңтүстікқазақстандық спортшылардың дайындығына қажетті барлық жағдайдың жасалатынын құлаққағыс етті. Бүгінде облыстың төрт спортшысы, атап айтқанда оқ атудан Ю.Юрьков, Е.Лунина, Р.Юнусметов, былғары қолғап шебері Б.Жақыпов Олимпиада жолдамасын жеңіп алғаны белгілі. Олар бүгінде талмай талаптанып, жаттығу жиындарының өткізіп жатыр. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы алдағы күз айларындағы бірқатар дәрежесі жоғары жарыстарға қатысатын спортшыларымыздың лицензия иегері атанып, Олимпиадаға жолдама алатынына сенім білдірді. Жүлдегер спортшымен жүздескен облыс әкімі палуанға алдағы уақытта серігі сәттілік, жолдасы жақсылық болуын тіледі. Тәжірибелі бапкер Тоймұханбет Төребекұлының шәкірті алдағы уақытта сенімді ақтап еліміздің мәртебесін биік етуге уәде етті.