Оңтүстіктің оқушылары жыл жылжыған сайын жоғарғы көрсеткіштерге жетіп келеді. Биылғы меже де жаман емес. Білім ошағын тәмәмдап, «Алтын белгіге» ие болғандардың 30 пайызы оңтүстіктің оқушылары. Соңғы жылдардың қорытындысы бойынша облыс оқушыларының ұлттық бірыңғай тест қорытындысындағы орта балы да жоғарылап келеді. Биыл бұл көрсеткіш 11,8-ге жоғарылады. Ал «Алтын белгіге» үміт артқандардың саны да жылдағыдан көп. Биыл олардың қатары 370-ке артқан. Шәкірттер қандай да бір жетістікке жетсе әрине онда ұстаздарының қосқан мол үлесі бар. Білім нәрімен сусындатып, өзінен шәкірті озғанын қалайтын ұстаздар қауымын еңбегі қандай мақтауыңызға да лайық. Білімі мен білігі, тәртібі мен тәрбиесі қатар ұштасқан жастарға «ұстаз көрген…» деген баға берілуі тегіннен тегін емес. Өйткені білімді ұстаздың алдын көрген шәкірт ешуақытта да ұшқан ұясын ұятқа қалдырмауды ойлайды. Соған күш салады. Ал ең бастысы ұяда алған білімін ары қарай дамытып, білім берген ұстаздарына тек алғыс жаудырады. Оңтүстікқазақстандық оқушылардың биылғы жеткен жетістігі ұстаздардың тамыз конференциясында зор мақтанышпен айтылды. Әрине білім деңгейінің жоғарылауына үлес қосып жүрген ұстаздардың бұл жетістігі облыс әкімінің де назарынан тыс қалған жоқ. Қол жеткізген нәтижемен мақтануға болады-ақ, дегенмен көңілге көлеңке түсірген жәйттер де жіпке тізгендей айтылды. Білім саласындағы күн түсуі тиіс көлеңкелі тұстар алдымен тілге тиек етілді. Соның ең бастысы жас ұстаздардың білім деңгейінің төмендігі… «Жаңа білім бағдарламалары, инновациялар және құзыреттілік тәсілдеме- табысты мектепке қадамдар». Биылғы тамыз кеңесінің тақырыбы осылай таңдалыпты. Облыс бюджетінің басым бөлігі бағытталатын білім саласынына бөлінген биылғы қаржы да аз емес. 184,9 миллиард теңге. Оның 23,7 миллиард теңгесіне 104 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Олардың 49-ы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Егер белгіленген мерзімде бітсе, өңірдегі үш ауысымды мектептердің мәселесі шешіліп, апатты жағдайдағы мектептер саны азаяды. Бұған дейін өңірімізде апатты деп танылған мектептер жоқ емес-тін. Іргетасы сөгіліп, қауіпті деп танылған ескі нысандардың орнына жаңа 19 мектеп ғимараты салынып, жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашпақ. Ал осы жылдың аяғына дейін осындай апатты 10 мектептiң құрылысын аяқтау жоспарда бар. Сондай-ақ, облыс бойынша күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептер білім күні оқушыларын қабылдайтын болады. Биылғы жылғы жаңалық бастауыш сынып оқушалары енді аптасына бес күн оқитын болады. Одан бөлек тарих, география пәндері тек қана қазақ тілінде оқытылатын болады. Оқулық мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi әзiрлеген кестеге сәйкес облыстағы мектептер биылғы жылы 4, 5, 6, 11-сыныптарға арналған оқулықтармен, оқу-әдiстемелiк кешендерiмен және 3-сыныптың ағылшын тiлi мен 7-сыныптың информатика пәнi оқулықтарымен қамтылуы тиiс. Осыған байланысты 12 баспамен келiсiмшарт жасалған. Бүгінгі күнге дейін облысымызға келіп түскен оқулықтар мектептерге таратылуда. Биылғы білім күніне дейін барлы мектептер оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен қамтылып үлгеруі тиіс. Тиісті мамандардың мәліметінше биыл оқулықтардан тапшылық болмайды. Әрине оқушы үшін оқулық ең маңызды дүние. Сондықтан да осы мәселеге баса назар аударылып отыр. Бұл күні оқушыларының озат атанып, білім деңгейінің жоғары болуы үшін аянбай тер төккен ұстаздардың еңбегі атаусыз қалған жоқ. Психологиясы заманға сай бүгінгі жастарды тәрбиелеуде күрделілікпен күресіп, оларға саналы тәрбие, сапалы білім беру үшін еңбек етіп жүрген мұғалімдер «Ыбырай Алтынсарин» төс белгісімен марапатталды.