Токарь мамандығы қазақ үшін таңсық емес. Кезінде ата-бабаларымыз темірден түйін түйген нағыз ұста болған. Бүгінгі таңда ең қажетті мамандықтардың қатарына энергетик, құрылысшы, геолог, радиотехник, инженер, мұнай мен газ, кен ісі сынды мамандықтар аталып жүр. Одан бөлек кәсіби колледждерде білім алған токарь, ағаш ұстасы, фрезерші сынды мамандар да аса сұранысқа ие. Қолы епсекті, техниканың тілін білетін шеберлер де сұранысы жоғары мамандықтардың қатарында. Үйіңізге кондиционер орнату үшін, кір машинасын қосу үшін ұста шақырсаңыз жасырары жоқ өзге ұлттың мамандары келеді. Ал ұялы телефон жөндейтіндердің басым бөлігі де солар. Дегенмен соңғы әлетте қаракөз жастарымыз да техниканың тілін түсініп, нәпақасы молдау осы салаға бет бұра бастады. Компьютер жөндеуге де, темір ұстасы болуға да бейімделіп келеді. Бұрын аспаз, шаштараз сынды мамандықтарға шошына қарайтындардың қарасы да азайып келеді… Көп жағдайда ата-аналар баланың бейіміне қарамай қалай болғанда да жоғары білім алуын талап етіп, табандап тұрып алады. Кейде бәрібір жүрек алауымен болмаған соң сол түскен университететін тастап кетіп колледж бітіріп, қарапайым жұмысшы болып жүргендер де жоқ емес. Сондықтан да мектептегі кезінен бастап баланың неге бейімі бар екені аңдап, онымен де санасу қажет-ақ. Сонда ғана жоғары оқу орнында оқу үшін төленген қаржы желге ұшпас еді. Тіпті кейде кеңседе отырып, мемлекеттік қызмет істегендерден көрі қарапайым жұмысшы мамандар көбірек жалақы алатыны да бар. Мәселенің бәрі алатын жалақыға тірелмесе керек, бірақ өз қалауымен жұмыс істемеген соң бәрі де бекер… Орта техникалық мамандықты таңдағандардың бүгінде асығы алшы. Осы салаларда білікті мамандардың керек екені рас. Елімізде «Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» қолға алынғалы техника мамандарына сұраныс артып отыр. Маман даярлау бар да оның кәсіби біліктілігін арттыру бар. Шымкент қаласындағы №3 колледж маман даярлау мәселесіне жоғары дәрежеде көңіл бөліп келеді. Әрдайым өндіріс орындарында тәжірибеден өткізуден бөлек, біліктілігін арттыру үшін түрлі байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Биыл осы колледжде «Мамандық бойынша ең үздік токарь» облыстық байқауы өтті. Мұндай байқаулар өндірістік техникалық-кәсіптік білім беру оқу орындарының қызметін белсендету, кәсіби шеберлікті және теориялық дайындық деңгейін көтеру мақсатында ұйымдастырылады. Сондай-ақ, жұмыс орнында еңбек жағдайларын жақсартуға ұмтылу, өндіріс мәдениетін арттыру мақсатында өткізілуде. Техникалық және кәсіптік білім мекемелерінің студенттері арасындағы кәсіби шеберлік сынға түскен облыстық байқауға 8 студент қатысты. Осы мамандықтың қыр-сырын жетік меңгерген жастар ұйымдастырушылардың сынағынан сүрйінбей өтті. Бірақ әрине бәрінің де бірінші орынды иеленуі мүмкін емес. Өзінің епсектілігімен Шахрук Рахматуллаев І орынға ие болды. Ол өзінің шеберлігін енді республикалық байқауда қорғайтын болады. Еліміздің әр тарабынан жиылған нағыз шеберлердің арасынан топ жарып шығу оңайға соқпас. Дегенмен оңтүстіктің алтын қолды шебері намысты қолдан бере қоймас. Республикалық байқаудың жүлде қоры да қомақты. Онда жеңімпаз деп танылған жастар Бразилияның Сан-Паулу қаласында өтетін әлемдік байқауға қатысуға мүмкіндік алады. Онда баруға темірден түйін түйген нағыз хас шеберлер баруға лайық әрине. Байқаудың жеңімпаздарына құрмет грамоталары, бағалы сыйлықтар және ақшалай сыйақылар табыс етілді.
Бүгінгі таңда №3 колледж токарь мамандығын облысымыз бойынша дайындайтын жалғыз үздік оқу орны болып табылады. Жыл сайын жүздеген токарь мамандар оқу бітіріп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр.