Мектепте оқып жүргенімізде әдебиет пәнінің мұғалімі бізге «Менің арманым…» атты шығарма жаздыратын. Оқушылардың ең сүйікті тақырыбы да осы болатын. Мен «өскенде ұшқыш, ғарышкер боламын…» деп армандайтын замандастарым аз әрине, керісінше «…бай боламын, әкім боламын» деп көпіретіндер көп болатын. Армандауда шек бар ма, жігіттер жағы «кәсіпкер боламын, заңгер боламын» деп асыл мұратына иек артса, қыздар жағы «әнші боламын, жұлдыз боламын» деп танымал болудың жолын іздейтін. Әрине балаң қиялға иек артып, нешетүрлі жоспарларды сызып тастайтын қайран аңғалдық десеңізші. Мен неге екені белгісіз басқалар сияқты «престижный» мамандықты армандамадым. Өзім үйде әртүрлі тәтті тоқаштар әзірлегенді ұнататынмын. Көңіл түкпірімдегі тәтті арманым бойынша кондитер болсам деген мақсатым бар-тын. Бірақ оны сыныптастарым күліп жүрер деп айтуға да батпадым. Жәй ғана «мұғалім боламын» деп жаза салатынмын. Нағашы әжем талай жыл ұстаздық еткен. Сонда өз әжем «бүгінгінің молдасы ғой, баяғыда сауат ашу үшін молдаларға оқытатын» деуші еді әзілдеп. Кім болса да бала оқыту сауапты іс екені анық. Басында дәрігер болсам деп армандаушы едім. Мектепте озат оқыдым деп мақтана алмаймын. Бағаларым орташа болатын. Ондай біліммен грантқа түсе алмайтыным белгілі. Жалақыға жұмыс істейтін ата-анамды оқу ақысы қымбат университетке түсір деп айта алмайтыным тағы анық. Оның үстіне жеті жыл бойы оқуға шынымды айтсам мойным жар бермейтіні белгілі-тін. Одан да өзім сүйетін кәсіпті игерейін деген тоқтамға келдім. 9 сыныпты бітірген соң қаладағы №6 колледжге оқуға түстім. Өзім қалаған кондитер мамандығына. Мұнда ұстаздарымыз тәжірибеге көп көңіл бөледі екен. Бисквит дайындау, қамыр әзірлеу, қысқасы тәтті нан әлемі мені өзіне тартып әкетті. Сонда ғана сүйген кәсібіңмен айналыссаң ғана жаныңды сала жақсы жұмыс істейтініңе көзім жетті. Торт пісірудің қыр-сырын талмай үйрететін ұстаздарымызға рахмет айтқым келеді. Дәмі тіл үйіретін тәтті торттардың құрамын жаттап алған соң үйге келіп бауырларымның туған күнінде пісіріп беретін болдым. Бәрі мақтайды. Басында көңіл үшін айтатын шығар дейтінмін. Кейін келе құрбыларым, көрші қолаң тапсырыс беретін болды. Колледжде алатын шәкіртақыға қосымша табыс таба бастадым. Бұған үйлегілердің бәрі қуанулы. Оқудан бөлек ұстаздарымыз қаладағы көптеген тәтті нан пісіретін цехтарға, кондитер фабрикаларына алып барады. Онда барған соң тап бір арманым табан астында орындалғандай әсерде болушы едім. Торттың бетіне жағатын кремдердің құрамын, оған қосатын түрлі әрлеуіштер… қысқасы тәжірибеңді арттыруға таптырмайтын тәсіл. Одан бөлек интернеттен де тәтті торттардың нешетүрлі рецептерін алуға болады. Оқу бір бөлек те, тәжірибе арттыру бір бөлек екен. Оқу жылы аяқталар кезде қаладағы ең ірі кондитерлік жүйе «Мадленге» тәжірибеден өтуге апарды бізді. Онда бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі мамандардың қоластында жұмыс істедік. Қызыға істеген соң қолыңнан шыққан дүние де тым тәтті болады білем. Бақылаушы-үйлестіруші апайымыз біздің жасаған тәттілерімізді сөрелерге қойғыза бастады. Сөреде ұзақ жатпайды. Әп-сәтте-ақ сатылып кетеді. Келесі жолы тағы да басқа тәттілердің түрін ойлап табуға тырысамыз. Жұмыс орнымыздың әр бұрышына бақылау камераларын орнатып тастаған. Әу баста мән бермейтінбіз. Сөйтсек әкімші кімнің қалай жұмыс істейтінін сол бейнебақылау арқылы қарап отырады екен. Оқу бітірер қарсаңында құрбым екеумізді әкімші жұмысқа алатынын айтқанда қуанышымызда шек болмады. 16 оқушының ішінен таңдау екеумізге түсті. Осылайша бар зейініңмен жасаған жұмысыңа қадағалау жасап тұратын бейнебақылау қондырғысының бір көмегі тиді. Бүгінде тұрақты жұмысым бар. Ең бастысы өзіме ұнайды. Басқалар сияқты «престижный» мамандық таңдап жұмыссыз жүрген жайым жоқ. Келешекте әбден тәжірибемді арттырып, кәсібімнің қыр-сырын жетік меңгеріп алған соң өз кәсібімді ашу жоспарым бар.
Гүлдерайым Әділбекқызы