Болат Жанәбіл, Оңтүстік Қазақстан облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
— Бүгінде облыс бойынша жастар саясатын жүзеге асыруға атсалысатын 78 жастар қоғамдық ұйымы бар екен. Олардың жұмысы қаншалықты нәтижелі?
— Жастар қоғамдық бірлестіктері мемлекет пен қоғамның арасындағы алтын көпір іспетті десек те болады. Ол бірлестіктер расында мемлекеттің жәрдемшісі. Өйткені қоғамда болып жатқан мәселелерді, оларды шешу жолдарын көп жағдайларда билікке осы қоғамдық ұйымдар жеткізіп жатады. Қай заманда болса да жастардың мәселесі күрделі мәселенің бірі болып саналады. Облысымызда жалпы жастар саясатына қатысты мәселелермен айналысатын 78 қоғамдық бірлестіктер жұмыс атқарып келеді. Дегенмен олардың арасында әділет органдарында тіркелгенімен де аты бар да, заты жоқтары да баршылық. Нәтижелі, тұрақты жұмыс істеп жатқандары 30 шақты ғана. Ал басым бөлігінің жұмыс істемей жатқаны дәл тәуелсіздік алған тұста құрылған. Ол кездегі қоғамдық бірлестіктің төрағасы 20 жылдан бері 50 жастан асқан болар, басқа да себептері бар болар… Жұмыс істемейтін қоғамдық бірлестіктерді әкімшілік тарапынан не басқа да органдар тарапынан жауып тастау мүмкін емес. Өйткені оның заңдылықтарына сәйкес өзі ашқан азаматтар өздері өтініш беріп жабуы тиіс. Оның ішінде тиісті ай сайынғы, тоқсандық, жылдық есептерін өткізіп отырады. Салығы бар, әділет органдары бар дегендей. Уақытылы жұмыс істемегеннен кейін не болмаса ұмытылып қалып кеткен ұйымдар болуы да мүмкін. Жалпы облыста жастар саясатын жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктер өздерінің жұмыстарын жүйелі жолға қойған. Барлық салада жұмыс істейді. Еліміздегі беделді ұйымдардың бірі «Нұротан» партиясы жанындағы «Жас отан» жастар қанаты облыстағы барлық білім беру ұйымдарында, кәсіпорындарда бастауыш ұйымдары құрылып жүйелі түрде жұмыстарын жүргізуде. 20 мыңнан астам мүшесі бар. «Жас отанмен» тепе-тең жұмыс атқарып жатқан ұйымның бірі Қазақстан жастар конгресі ОҚО өкілдіктері, «Ауыл жастары», «Қазақстан студенттер алянсының» Шымкент филиалы белсенді жұмыс атқарады. Еліміздің экологиясына жанашырлықпен қарап, табиғатқа қамқоршылық танытып жүрген «Жасыл ел» жастар ұйымының он жылдам астам тарихы бар. 800 студентті жұмыспен қамтып отыр. Уақытылы айлығын төлеп отыратын мекеменің бірі. Екіншісі студенттік құрылыс жасақтары. Жалақы төлеп жұмыс атқарып отырған бірден бір ұйым. Ал қалған жастар қоғамдық бірлестіктері қоғамдық негізде ерікті түрде жұмыс атқарып жатыр. Қоғамық идеяларды жүзеге асырғысы келетін оқу орындарында қоғамдық бірлестіктері құрылуда. Жастар үшін қажетті идеяны жүзеге асыру үшін жиналады. Облыста барлық дерлік жоғары оқу орындарында қоғамдық бірлестіктер құрылған. Олардың дені тек университет көлемінде ғана жұмыс атқарады. ОҚМУ-де көптеген ұйымдарды құрудың жақсы жүйесі қалыптасқан. Мысалы, Қазақстан халықтары ассамблеясының университеттегі жастардың кіші ассамблеясы он жылдан астам жұмыс істеп келеді. Республикалық қоғамдық бірлестіктердің барлығының бастауыш ұйымдары жұмыс істейді, «Мәңгілік ел» жастар бірлестігін елімізде алғаш болып осы университетте құрылған болатын. ОҚМПИ-да «Бәйтерек» жастар ұйымы бар, Түркістандағы ХҚТУ Бекзат Саттарханов атындағы «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігі бар. Бұлардың барлығы да жұмысын жолға қойған, белсенді ұйымдар.
(жалғасы бар)