Болат Жанәбіл, Оңтүстік Қазақстан облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
-Жуырда шетелде оқып келген жастардың филиалын құрсақ па деген жоспар бар. Өйткені облысымызда «Болашақ» бағдарламасына ынталы жастар өте көп. Үш тілде еркін сөйлейтін жастар басым. Олар тек қана Назарбаев зияткерлік мектептерінің түлектері ғана емес сонымен қатар «Дарын» мектептерінің де түлектері. Бүгінде тіл үйрету курстары өте көп. Ағылшын тілін меңгеруге құлышынып жүрген жастар көп . Бұл нені білдіреді? Тілге деген құрметті. Үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру мен дамытуға жастардың талпынысы зор. Сол үшін «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқудан үміттеніп жүрген жастарға шетелге барғанда нені білу керек, осының бәрін үйретіп, жол сілтейтін жалпы өздерінің тәжірибесімен бөлісетін орта қажет. Осыны қоғамдық негізде үйретіп отыратын осындай жастар ұйымын құрсақ деген жоспарымыз бар. Еліміздегі басты ұйымдармен тығыз байланыстамыз. Облыстық әкімдікте жастар ісі жөніндегі кеңес бар. Оған облыс әкімі төрағалық етеді. Облыстық жастар орталығы жұмыс істейді. Көптеген жылдар бойы жастарымыздың бас қосатын орталығы болған жоқ. 2006 жылы жастар орталығының ғимараты облыстық опера және балет театрына берілді де жастар сарайынсыз қалған кездері де болған. Іс шара өткізетін, бас қосатын, түрлі өнер кештерін өткізетін орын болмай қалды. Биыл облыс басшылығы қолдап бұрынғы С.Сейфулин атындағы кинотеатрды осы жастар орталығының балансына берді. 800 орындық залы бар, қызметкерлерге арналған кабинеттері жабдықталған. Жастар риза, КВН, концерт, түрлі іс-шаралар барлығы осы жерде өтеді. Барлық аудан қалаларда мемлекеттік жастар орталығы құрылды. Ол тек қана аудан орталығында ғана жұмыс істеп қоймай, әрбір ауылда жастармен жұмыс істейтін маман бөлінсе деген өтінішімізді жеткіздік. Бұл мәселе де шешімін тапты. Жалақыны олар жастар орталығынан алады бірақ ауыл әкімдігінде отырып жұмыс істейді. Облыста осындай жүйе қалыптасқан. Облыста 3 миллионға жуық халық болса соның 800 мыңы жастар. Яғни, үштен бір бөлігін құрайды. Облысымыздың жастары кейбір облыстың халқының санымен бірдей. Осыншама жастың басын біріктіріп, жұмыс атқару да оңай шаруа емес. Олар күн, түн демей, демалыс демей түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жүр. Жастар ұйымдастырған іс -шаралардан қалмаймыз. Жастардың қасынан табылып, оларды ынталандырып, қолдау көрсетеміз. Студенттердің өзін өзі басқару жүйесі жақсы қалыптасқан. Студенттер тек қана оқу орнының басшыларының нұсқауымен ғана жүрмей сол ортадағы студенттердің өзін өзі басқару жүйесі арқылы өз басшылығына талап қоя алады. Бүгінгі жастар өте алғыр.
— Ауыл жастары назардан тыс қалып кеткен жоқ па?
— Ауыл жастарының жағдайын көтеру, мәдени іс шараларға қатыстыру, кәсіпкерлік жағынан қамту жүйелі жолға қойылған. Әрбір ауылдық округте жастар ісі жөніндегі мамандармен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Штаб ашқыздық. Өйткені аудан орталығында отырып шалғай ауылдағы жастардың мәселесін білмеуі мүмкін. Сол себепті біз әрбір жастар ісі жөніндегі инспекторды сол ауылдарға барып, жастармен етене жұмыс істеуі үшін талап қоямыз. Олар бүгінгі күні қолға алынып жатқан түрлі бағдарламаларды түсіндіреді. Ақпан айында мемлекеттік жастар саясаты туралы заңға өзгерістер енгізілгені белгілі. Нақты жастар саясаты ісімен қай құзырлы орган айналысу керек екендігі нақтыланды. Жастар ісі жөніндегі маман өзінің жұмыс кестесіне сәйкес жастармен апта сайын кездесу өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие беріліп жатыр, мал алып тұрмысыңды түзе. Үйіңде бос жатпа» деген сынды жол көрсетеді. Облыс әкімдігінің қолдауымен біздің облыста алғаш рет кәсіпкерлік мектептері құрылды. Ауылдың жастары облыс орталығына сабылмай-ақ аудан орталығына барып, кәсіпкерліктің әліппесін үйренсін деген мақсатта ашылды. Осы мектептерде жастарды жетелеп алып барып оқытады. Ауылдарда кеңес одағынан қалған ескі кітапхана, клубтар жабық тұр. Есігінде үнемі құлып тұратын нысандарды сол ауылда орналасқан мектептердің балансына өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектептің оқушылары онда іс-шара өткізеді, кітапханасына барады. Ауыл жастары да бұдан шет алмақ емес. Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы да жастар үшін, олардың болашағы үшін…