«Білекті бірді, білімді мыңды жығатын» заман. Расында білім қуып, ілімін арттыру үшін ізденіп, кітаптан бас алмайтын жастарымыз көбейіп келе жатқандығы қуантады. Кезінде 90-шы жылдары жұрттың басым бөлігі жанбағыстың жарапазанымен табақтай дипломдарын сандық түбіне тығып тастап, базар жағалап кеткені есте. Сол шақта «енді жоғары оқу орындарында оқуға ешкімнің ынтасы болмайтын шығар» деген үрейдің қылаң бергені де рас. Дегенмен заман түзеліп, ел еңсесін көтерген соң жағдай оңына қарай бағыт алды. Заман оқығандыкі, тоқығандыкі. Бүгінгі күннің талабына сай білім алып, оны ары қарай дамыту үшін ізденіс жолына түскен жастарға сүйсінесің. Қазіргі таңда оңтүстіктің орталығында заманауи талапқа сай қайта құрылған оқу орындары жетерлік. Бұрынғылар салған сорапты шиырлай бермей заманға бейімделмекті құп көрген олардың бұл ісі мақтауға тұрарлық-ақ…
Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Малайзияның техникалық және кәсіптік білім беру кеңесінің төрағаларымен кездесу өткізген болатын. Басқосу барысында өңір басшысы бүгінгі күні облыс бойынша техникалық және кәсіптік білім саласы бойынша 92 колледждің, онда 97 мамандық бойынша 75 мыңнан астам студент білім алып жатқандығын тілге тиек етті. Аталған оқу орындарында бүгінгі талапқа сай білім беріліп жатқанын, әсіресе техникалық мамандықтарға сұраныс артып отырғандығын да айтып өтті. Екі ел арасында тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған кездесуде малайзиялық делегаттар Оңтүстік Қазақстанда әлемдік деңгейдегі техникалық колледж салуға ниетті екендіктерін айтты. Аталған оқу орны негізінен техникалық, мұнайгаз, тамақ өндірісі мамандықтары бойынша білім беретінін мәлімдеді. Кездесуде малайзиялық меймандар тәжірибе алмасу үшін оңтүстікқазақстандық әріптестерін өз елдеріне шақырды. Білім беру саласында озық тәжірибесімен бөліспекті құп көрген малайлықтардың бұл ұсынысы қалай жүзеге асырылатыны алдағы уақытта белгілі болмақ. Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл құрылыс, техникалық, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салалары бойынша 24 колледжде дуальді оқыту жүйесі іске асырылып жатыр. Заманауи білім стандарттарына сай оқу орындары аталған жүйе бойынша табысты жұмыс істеп келеді. Ал, кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру мақсатында туризм, тігін, тоқыма, тамақ өндірісі мен транспорт, ауыл шаруашылығы, құрылыс, техникалық және энергетика салалары бойынша базалық колледждер құрылған. Сондай-ақ, елімізде «Техникалық және кәсіптік білімді модернизациялау» жобасы аясында Дүниежүзілік банк есебінен 2014-2015 оқу жылында облыстағы 5 колледж 285 миллион теңге көлемінде грантты иеленгені белгілі. Сондай-ақ, 5 мамандық бойынша модульдік бағдарлама жасап, маман даярлауда.