Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов халықаралық және әлем біріншілігі жарысында биік тұғырдан көрінген жеңімпаздармен жүздесті. Оңтүстіктің мерейін асырып, атағын аспандатқан оғландар — Тайландтың Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері З.Сайфулин, қола жүлдегері Қ.Ералиев пен Астана қаласында өткен «Теңге ілуден» І Ашық Азия чемпионатының жеңімпазы Ғ.Ізжанов, Санкт-Петербург қаласында бокстан жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы Д.Нысан мен Оңтүстік Кореяда таэквондодан жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Е.Балтабаевтарға арнайы сертификаттар табыс етілді. Спортшылардың бабын жасап, биіктерді бағындыруға еселеп еңбек сіңіріп жүрген бапкерлер де назардан тыс қалған жоқ. Солардың бірі бокстан ҚР ұлттық құрама командасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов. Атағы алты құрлыққа мәшһүр болған дүлдүл боксшыларды жаттықтырып жүрген бапкер Мырзағали Айтжанов спортшыларды үнемі марапаттап, қолдау білдіріп отыратын облыс басшылығына алғысын білдірді. Жеңімпаздарды марапаттаған облыс әкімі жүлдегерлер мен бас бапкерге 200 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін қаржылай сертификат табыс етті. Бастысы қаржы емес әрине, еліміздің атағын аспандатып жүрген спортшыларды қолдау, жігерлендіру екендігі аян. «Сіздер — еліміздің мақтанышы әрі батырысыздар. Біздің елімізді өзге мемлекеттер, алдымен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арқылы таныса, одан соң, сіздердей сайыпқырандарымыздың арқасында біледі. Спорттағы әрбір жеңісімізде әлем елдері аспанында көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалады. Сол үшін сіздерге рахмет!», — деді өңір басшысы. Спорт саңлақтарын қалай мақтасақ та, қалай марапаттасақ та жарасады, әрине. Облыс әкімі алдағы уақытта өңірдің үздік спортшыларының есімдерін арнайы құрмет кітабына енгізу керектігі туралы ұтымды ұсынысын айтты. Шәмші Қалдаяқов атындағы гүлзарда «Жұлдыздар аллеясы» бар екендігі белгілі. Өнерге, мәдениетке тер төккен қайраткерлерден спортшыларымыз да асыра еңбек сіңіргені анық. Алдағы уақытта спортшыларға арналған аллея ашылмаса да құрмет кітабына аттары жазылса ол да бір жетістік. Балаларды жастайынан спортқа баулып, шымыр болып өсуі үшін әрбір ауылда спортпен шұғылданатындай мектептер салынып, соған сай жағдай жасалуы қажет. Сонымен қатар, облыстың спорттық мекемелері мен елдімекендерде келешек ұрпаққа үлгі болатындай спортшылардың суреттері ілінген билбордтар орнатылуы тиіс. Бұл өз кезегінде балалардың спортшыларға еліктеп, солардай болуға талпынуына әсер ететіні сөзсіз. Облыс басшысы айтқан ұсыныстардың барлығы да жуық арада жүзеге асатын болса, онда бәрекелдіден басқа айтарымыз жоқ. Кездесу барысында ҚР бокс құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов алдағы болатын әлемдік додаларда жеңіс тұғырынан көрініп, Қазақстанның оның ішінде Оңтүстік өңірінің абыройын асқақтататынына спортшылардың атынан сенім білдіре отырып, спортқа деген қамқорлығы үшін облыс әкіміне алғысын айтты.