Соңғы әлетте отбасы құндылығы, шаңырақтың беріктігі туралы әңгіме жиі айтылатын болды. Мұндай тақырыптың түндігінің түрілуіне себеп те жоқ емес. Жасырары жоқ соңғы кездері жастар арасында ажырасу көбейіп кетті. Бұған не себеп? Отбасының іргесінің ажырауының алдын алуға бола ма? Сауал көп, жауап беруге келгенде тіліміз тұсалатыны тағы да рас. Елімізде 2001 жылы әр 1000 адамнан 6 адам некеге отырып, 2 адам ажырасқан екен. Сол жылдардағы санақ бойынша республика көлемінде жыл сайын 35-40 мыңға жуық неке бұзу тіркелген. Бұл санақ бүгінде одан бетер өкіндірмесе қуандырмайды. Өйткені ажырасушылар саны арта түспесе кемитін түрі жоқ. Өкінішке орай, “қастерлі отбасы” сөзінің мән-мазмұны өз тұғырынан түсіп кеткен секілді. Қазақ халқының тарихына, діні мен діліне жат осы көрсеткіштерді азайту мүмкін бе? Отбасы іргесінің мықтылығына мақтанатын қазақы отбасылық институттың құндылығы төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Жазылмаған заң, бұлжымас қағидаларды қаперіне алмайтын ұқпас ұл мен кесір келін арадағы баланың обалына да қарамайтын болды. Бір ауыз сөзімен бір ауылды уысында ұстап отыратын абыз ақсақалдардың жоқтығынан ба екен деген ой да келеді кейде… «Шуақты күндер» атты кітап жазып, отбасы құндылығын астарлы сөзбен әдіптей жеткізген Зейнеп Ахметова «Әйел мен еркек тең» деп жүріп, улы дәнді Кеңестік кезде-ақ сеуіп тастағанбыз. Қалай айтсақ та, қазақ дейтін батыр халық бақыр басты еркекті бәрінен биік қойып еді. Киіз үйдің шаңырағын ер адам көтерсе, керегесін керіп, уығын шаншитын әйел еді. Ешқашан шаңырақты әйелге көтертпеген. Бұл нені білдіреді? «Шаңырақтың иесі – ер адам», «ер азамат – бас ие» деген сөз. Біз үлкен қариялардың тәрбиесін көрдік. Біздің кішкене кезімізде, сол шаңырақтың иесі жұмыстан шаршап келе жатқанда, «әкесі келе жатыр» деп келіндерге әлі аяғы шықпаған нәрестесін көтертіп, алдынан шығаратын. «Баласын көріп, мейірленсін, шаршағанын ұмытып, үйге жақсы көңіл күймен кірсін» дегені. Ер адамнан тараған шуақ шаңырақты жылытады. Әкенің қадірін титімдей кезімізден бастап сөйтіп сезіндірді ғой бізге. Ілгеріректе әйел адамнан жөн сұрағанда өз елінің емес, келін болып келген жерінің руын айтатын болған. Өйткені ол басқа әулеттің отын жағып, соның ұрпағын өсіріп отыр ғой. Біреулер айтатын болар: «ұлы не, қызы не, бәрібір емес пе?» деп. Жоқ. Әр ұлттың дәстүрі, ата салты бар. Біздің салтымызда, әйел мен еркек теңелген жерде дүниенің шырқы бұзылады. Осы сөз бүгінгі күнге дәлме-дәл келіп тұр. Қазіргі жастардың психологиясын біздің жасымыздағы адамдарға ұғу қиын» деген-тін. «Бұрынғы заманды көксеп..» деп шеке басы тыржиятын кейбір жастар сол заманның «отбасы бүтіндігін сақтау» атты жазылмаған заңын сақтаса бүгінгідей жайсыз жағдаяттар бәлкім азаяр ма еді?!
Қарлығаштың қанатымен су сепкендей болып жұмыс атқарылмай жатқан жоқ. Қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер болсын отбасы құныдылығын сақтау үшін жастар арасында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Қазақстан Республикасының Президентінің жарлығына сәйкес қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» деп жарияланғаны белгілі. Аталмыш мерекені атап өту мақсатында жуырда Шымкент қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Шымкент жастары» КММ-нің ұйымдастыруымен Аймақтық Әлеуметтік Инновациялық университетінде «Неке және отбасы» тақырыбында жастармен кездесу болып өтті. Кездесуге ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы» МКМ-нің «Ақпараттық насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестіру» бөлімінің басшысы М. Халықов қатысты. Кездесуді «Шымкент жастары» КММ-нің директоры А. Үбелтаев ашып, жүргізіп отырды. Неке беріктігін сақтау және отбасы туралы дұрыс ой-пікір қалыптастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы сала мамандары шақырылды. Бұл шара еркін форматта өтті, жастар өздерін толғандырған сауалдарын жолдап пікір алмасып сұxбаттасты. Мамандар тарапынан айтылған «Мұсылман халықтарының отбасына деген көзқарасы да ерекше. Ислам діні мен салт дәстүріміз тұжырымы бойынша ер адам отағасы, ал әйел үйдің бикесі мен берекесі боп саналады. Сондықтан жастарымыз отбасылы болмай бақытты өмір сүруге қол жеткізе алмайды. Ислам діні шаңырағы биік, керегесі кең, босағасы берік отбасы құруды ерлі-зайыптының бірдей міндеті етіп бекіткен. Сондықтан дініміз отбасылық өмірді, неке қидырып үйленіп бастауды үндейді» деп атап өтті.